Жаңа онкологиялық корпус салынады

Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың жанынан 100 төсек-орынға арналған жаңа онкологиялық корпус салу жоспарлануда. Сәрсенбінің сәтінде болашақ медициналық нысанның құрылыс алаңында капсула салу рәсімі өтіп, оған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен өңір басшылығы қатысты.
Жоба аясында 250 пациентті бір ауысымда қабылдай алатын клиникалық-диагностикалық орталық та бой көтереді. Мұнда онкохирургия, химиотерапия, сәулелік терапия, гинекология және паллиативтік көмек бөлімшелері орналасады. Медициналық кешен заманауи құрал-жабдықтармен, оның ішінде сәулелік терапия жүргізуге арналған сызықтық үдеткішпен қамтамасыз етіледі. Жаңа корпустың салынуы Ұлытау облысында онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, тұрғындардың мамандандырылған медициналық көмекті өз өңірінде алуына жағдай жасайды. Бұл – өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба.
Өз тілшімізден.