08.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТЛайықты марапат иесін тапты08.11.2026
Ақпарат ағыны

Лайықты марапат иесін тапты

08.11.2026 · 14:44 · admin

Республика күні қарсаңында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өндірістік байыту фабрикасы қалдық қоймасы шаруашылығының бастығы Ардақ Бастаубаев ұзақ жылғы адал еңбегі мен өндірісті дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бұл марапат еңбек адамының көп жылғы кәсіби тәжірибесіне, өндірістегі жауапкершілігіне және жас мамандарды тәрбиелеудегі еңбегіне берілген жоғары баға деуге болады. Әскер қатарынан бастап өндірістегі басшылық қызметке дейінгі жолдан өткен кейіпкер бүгінде стратегиялық маңызы бар қалдық қоймасы шаруашылығын басқарып келеді. Көпшілікке беймәлім болғанымен, қалдық қоймасы кен байыту өндірісінің ажырамас бөлігі саналады. Оның қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуі тұтас фабриканың тұрақтылығына әсер етеді. Өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген маманмен өндіріс тынысы, еңбек жолы, отбасы құндылықтары және Жәйремнің келешегі туралы әңгімелескен едік. – Ардақ Нұрболатұлы, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. – Мен Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келдім. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылында орналасқан Роза Люксембург атындағы орта мектепті 1991 жылы тәмамдадым. 1992-1993 жылдары Мақаншы шекара отрядында мерзімді әскери қызметімді өтедім. Кейін 1996-1998 жылдары келісімшарт негізінде әскери қызметте болып, Отар гарнизонында танк ротасының старшинасы қызметін атқардым. Өмірімдегі маңызды белестердің бірі – 1996 жылдың 21 қыркүйегінде отбасын құруым болды. Жұбайым Әсел Ерғалиқызы бүгінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ зерттеу зертханасында ажарлаушы болып еңбек етеді. – Тау-кен саласына келуіңізге не себеп болды?

– Шынын айтсам, бұл салаға келемін деп арнайы жоспарлаған жоқпын. Еңбек жолым «Қазақмыс» корпорациясының Қарағайлы кен байыту комбинатында қалдық қоймасының ауысым шебері болып басталды. Сол кезден бастап осы саламен тағдырым байланысып кетті. Негізгі мамандығым – техник-мелиоратор. Сондықтан, су ресурстарын жинау, пайдалану, тазарту және қайта айналымға енгізу бағыттары маған бұрыннан таныс болатын. Кейін гидротехникалық нысандарды жобалау және іске қосу жұмыстарына араласып, бұл саланың күрделілігімен қатар қызығының да мол екенін түсіндім. Гидротехникалық нысандарды іске қосу кезеңі, зерттеу жүргізу, жаңа ақпарат жинау және білікті мамандармен жұмыс істеу маған ерекше қызық болды. – Жәйрем комбинатына қашан келдіңіз? – 2019 жылы өндірістік байыту фабрикасының қалдық қоймасы шаруашылығына аға шебер болып жұмысқа келдім. Кейін бөлім басшысы қызметіне тағайындалдым. Жұмысқа алғаш кіріскен кезде қалдық қоймасы шаруашылығының басшысы болған Бауыржан Смайловтың қарамағында еңбек еттім. Өндірістің ерекшеліктерін үйренуге, тәжірибе жинауға көп көмегі тиді. – Қалдық қоймасының өндірістегі рөлі қандай? – Қалдық қоймасы – кен байыту Дайындаған: «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының баспасөз қызметі. Тапсырыс беруші: Құрмансейіт А.А. Ұлытау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімін ұсынған «Әділет» партиясы»ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

өндірісінің маңызды буыны. Қалдық қоймасы жоқ жерде байыту фабрикасы да жұмыс істей алмайды. Кен байыту барысында өндірілетін өнімнің 80-90 пайызы қалдық ретінде бөлінеді. Сондықтан, сол қалдықтарды қауіпсіз тасымалдау, сақтау және қайта өңдеу біздің негізгі міндетіміз. Біз өндірісте пайда болатын пульпаны арнайы құбырлар мен қуатты сорғылар арқылы сақтау орнына жеткіземіз. Сондай-ақ, пайдаланылған технологиялық суды қайта тазалап, оны фабрикаға қайтару жұмыстарын жүргіземіз. Қалдық қоймалары экологиялық қауіпсіздік талаптары өте жоғары нысандар қатарына жатады. Сондықтан, барлық жұмыстар Қазақстан заңнамасына және халықаралық өндірістік стандарттарға сәйкес жүргізіледі. – Бұл жұмыстың ерекшелігі неде? – Біздің жұмыс әртүрлі салаларды қамтиды. Қалдық қоймасындағы жұмыс судың тереңдігін өлшеуден бастап ғарыштық мониторинг пен геотехникалық зерттеулерге дейін жалғасады. Күнделікті қызметте маркшейдерлік есеп жүргіземіз, қойманың техникалық жай-күйін бақылаймыз, ғарыштық бақылау деректерін пайдаланамыз. Сондықтан, бұл сала үздіксіз ізденісті және кәсіби дамуды талап етеді. – Ал ең күрделі тұсы қандай? – Қалдық қоймасы гидротехникалық құрылыс болғандықтан жауапкершілік жүгі өте ауыр. Табиғи факторлардан бастап техникалық қауіптерге дейін үнемі бақылауда ұстаймыз. Көктемгі тасқын, қатты жел, жауын-шашын, жер сілкінісі немесе құбырлардың жарылуы мен сорғылардың істен шығуы сияқты жағдайларға әрдайым дайын болуымыз керек. Себебі, мұндай нысандарда орын алған апат экологияға да, халықтың қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін. – Ұжымдағы жастарға қандай баға бересіз? – Біздің ұжымда жастар өте көп және олардың болашағына сенемін. Бүгінгі жастардың арасынан ертең біздің ізімізді басатын білікті мамандар шығады деп ойлаймын. Олардың біразына кәсіби бағыт беріп, компанияның білім беру бағдарламалары арқылы жоғары білім алуына ықпал жасадық. Қазір сол мамандардың қалыптасып келе жатқанын көріп қуанып жүремін. – Балаларыңыз туралы айтып өтсеңіз. – Төрт балам бар, екі жиен немерем өсіп келеді. Үлкен қызым Аяжан — бастауыш сынып мұғалімі. Қызым Дильназ геоақпараттық жүйелер маманы. Ұлым Нұрғали 11 сынып оқушысы. Кенжем Әлима бірінші сыныпта білім алып жүр. Бос уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын. Мен үшін отбасы – ең үлкен байлық. – Балаларыңызды қандай құндылықтарға тәрбиелейсіз? – Бізге ата-анамыз қандай тәрбие берсе, балаларымызға да соны сіңіруге тырысамыз. Кішіпейілділік, адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық және уәдеге беріктік әр адамға қажет қасиеттер деп санаймын. Әке ретінде бала сұрағына жауап беруден жалықпауға, қиын кезде жанынан табылуға тырысамын. – Мемлекеттік марапатқа дейін алған марапаттарыңыз бар ма? – Мемлекеттік деңгейдегі марапаттарға алғаш рет ұсынылып отырмын. Бұған дейін Қарағайлы кенті әкімінің алғыс хаттарымен, грамоталарымен және түрлі көтермелеулермен марапатталдым. Дегенмен, еңбек адамы үшін ең үлкен марапат — әріптестердің сый-құрметі мен еңбегіңнің бағалануы деп ойлаймын. – Жәйремнің болашағын қалай елестетесіз? – Жәйремнің болашағына сеніммен қараймын. Кентіміз кен өндіру және кен байыту саласының флагмандарына айналады деп ойлаймын. Соңғы жылдары көптеген жақсы өзгерістер орын алды. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар мен балабақшалар мәселесінде алға жылжу бар. Меніңше, алдағы уақытта да өндіріс дамып, кенттің әлеуеті арта береді. – «Казцинк» компаниясындағы еңбек жолыңыз туралы не айтасыз? – Өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Компанияда кәсіби даму мен тәжірибе жинауға мүмкіндік бар. Біз сияқты мамандар үшін бұл өте маңызды. – Бала кездегі арманыңыз қандай еді? – Бала кезімде әскери адам болуды армандадым. Кейін тағдыр бізді өндіріс саласына алып келді. Дегенмен, әскери қызмет атқару бақыты бұйырғандықтан, бала арманының бір бөлігі орындалды деп ойлаймын. – Өмірлік ұстанымыңыз қандай? – Менің өмірлік ұраным өте қарапайым: Тек алға! Ал тілегім — еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Жастардың білім алуына көбірек көңіл бөлініп, олардың жақсы маман болып қалыптасуына жағдай жасалса деймін. Ардақ Бастаубаевтың еңбек жолына үңілсек, табандылық пен жауапкершілік қатар өрілген өмір мектебін көреміз. Әскер қатарынан басталған қызмет жолы гидротехникалық нысандарды басқаруға дейін жалғасып, бүгінде ол өндірістегі аса маңызды учаскенің жұмысына жауап беріп отыр. Өз ісіне адал маман үшін басты құндылық — қауіпсіз еңбек, кәсіби білім және жас мамандарға жол көрсету. Ал оның өмірлік қағидасына айналған «Тек алға!» деген қысқа ғана сөз бүкіл ғұмыр жолының мазмұнын айқындап тұрғандай.

Әңгімелескен Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.