08.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТЛайықты марапат иесін тапты08.11.2026
Ақпарат ағыны

Сағындықовтар әулеті – байқау жеңімпазы

08.11.2026 · 14:38 · admin

Астана қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған байқауда еліміздің барлық өңірінен іріктелген 20 өнегелі отбасы үздіктер қатарынан көрінді.

Қуанышты жаңалықтың бірі – Ұлытау облысының намысын қорғаған Қаражал қаласының Сағындықовтар әулеті де ұлттық байқаудың жеңімпазы атанды. Өңір абыройын асқақтатқан отбасыға салтанатты рәсім барысында естелік мүсінше, арнайы грамота және 2 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – қоғамдағы отбасы институтының маңызын арттырып, ұлттық және рухани құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруді мақсат ететін тағылымды жоба. Байқау аясында адал еңбекті, өзара сыйластықты, береке-бірлікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті өмірлік ұстанымына айналдырған отбасылардың өнегелі жолы насихатталады. Сағындықовтар әулетінің республикалық байқауда жоғары марапатқа ие болуы – Қаражал қаласы мен тұтас Ұлытау облысы үшін зор мақтаныш. Бұл жетістік – бір отбасының мерейін үстем еткен марапат қана емес, сонымен қатар, жас ұрпаққа үлгі боларлық отбасылық тәрбиенің, татулық пен тұрақтылықтың жарқын көрінісі. Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ал өнегелі шаңырақ – ел болашағының берік негізі. Осындай отбасылардың өмір жолы мен ұстанымы ұлттық құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға жеткізуде ерекше рөл атқарады.

Аманкелді АҚШАЛ.