01.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТТұрмыстағы өрт қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік01.11.2026
Ақпарат ағыны

Жаңа кезеңнің басты бағыты – экономикалық өрлеу және кәсіпкерлікті қолдау

01.11.2026 · 16:17 · admin

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын, экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделген маңызды стратегиялық құжат деп санаймын.

Жолдауда көтерілген мәселелердің ішінде кәсіпкерлік саласын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру және экономиканы әртараптандыру бағыттары ерекше маңызға ие. Себебі, кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі, жаңа жұмыс орындарын ашудың, халықтың табысын арттырудың және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Президент шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 40 пайызға жеткенін атап өтіп, алдағы уақытта бұл саланы сапалы дамыту қажеттігіне баса назар аударды.

Әсіресе, Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бастамалары көңілге қуаныш ұялатады. Президент шағын және орта кәсіпкерліктің ел экономикасындағы үлесі артып келе жатқанын атап өтіп, кәсіпкерлерге тұрақты әрі қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін айтты. Осы орайда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты үш жылдық мораторий енгізу мәселесін Үкімет пен Құрылтай депутаттарына бірлесіп талқылауды ұсынды. Бұл бастама кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, өз кәсібін еркін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп сенемін.

Президент еліміздің маңызды металдар қорын тиімді басқару жүйесін қалыптастыруды, түрлі-түсті және сирек кездесетін металдар қорын дамытуға бағытталған арнайы қор құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл ретте отандық өндірісті қолдау, жаңа технологияларды енгізу, халықаралық серіктестікті нығайту және қазақстандық өнімді әлемдік өндірістік тізбектерге енгізу міндеттері белгіленді.

Бұл бағыттар Қаражал қаласы үшін де ерекше маңызды. Себебі, қаламыздың экономикалық әлеуеті тау-кен өндірісімен және өнеркәсіп саласымен тығыз байланысты. Сондықтан, инвестиция тарту, қолданыстағы өндіріс орындарын жаңғырту, жаңа өндірістік жобаларды іске асыру және жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік кооперацияға қатысуына мүмкіндік жасау өңіріміздің дамуына тың серпін береді.

Алдымызда тұрған міндет – Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттарды жергілікті жерде сапалы жүзеге асыру, кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру және өңірдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану.

Марат САТАНОВ, «Қаражал қаласының кәсіпкерлік

және ауыл шаруашылығы

бөлімі» ММ басшысы.