Президент өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
— Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты. Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет, — деді Мемлекет басшысы.