24.10.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!24.10.2026
Ақпарат ағыны

Адамға жанашырлық – ізгіліктің белгісі

24.10.2026 · 01:05 · admin

Әлеуметтік сала қызметкерлері күні – халықтың әл-ауқатын арттыру жолында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін бағалайтын ерекше мереке. Әлеуметтік қолдау көрсету, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек беру, қарттар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жеңілдету – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Осы орайда, Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Анар Молдабаевамен сұхбаттасып, бөлімнің атқарып жатқан жұмыстары, әлеуметтік көмек көрсету бағыттары мен тұрғындарды қолдау шаралары туралы әңгімелестік.

– Анар Орақбайқызы, ең алдымен, бөлімнің негізгі міндеттері мен қызмет бағыттарына тоқталып өтсеңіз.

– Біздің бөлімнің басты міндеті – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта әлеуметтік көмек тағайындау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, үйде әлеуметтік қызмет көрсету, отбасыларға көмек беру және басқа да маңызды жұмыстар атқарылады.

Бөлім тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 16 түрін көрсетеді. 2026 жылы барлығы 564 мемлекеттік қызмет ұсынылды. Оның 69-ы мемлекеттік корпорация арқылы, 495-і электронды форматта көрсетілді. Қызметтер белгіленген мерзімде ұсынылады. Электронды форматтың кеңінен қолданылуы тұрғындардың уақытын үнемдеп, қажетті қызметтерді алу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

– Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету – жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. 2026 жылы Қаражал қаласында атаулы әлеуметтік көмекпен 18 отбасы, жалпы 77 адам қамтылды. Сонымен қатар, 16 отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілді.

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының табысы мен қолданыстағы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес тағайындалады. Ал тұрғын үй көмегі тиісті талаптарға сай келетін отбасылардың тұрғын үйге байланысты шығындарын жеңілдетуге бағытталған.

Бұдан бөлек, үйде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балаларға қаржылай көмек көрсетіледі. Мұндай шаралар отбасылардың әлеуметтік жүктемесін азайтып, балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.

Біз үшін әрбір өтініштің уақытылы қаралуы және азаматтарға қолданыстағы әлеуметтік қолдау түрлері туралы түсінікті ақпарат берілуі маңызды.

– Қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мәселесі қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Қазіргі уақытта қала бойынша 396 мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұр. Оның ішінде 67-сі – балалар. Бұл санаттағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және қажетті қызметтерге қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыс жүргізіледі.

2026 жылы оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге және санаторий-курорттық ем алуға қатысты 182 өтініш түсті. Оның 146-сы орындалды. Бұл – жалпы өтініштердің шамамен 80 пайызы.

Оңалтудың техникалық құралдары азаматтардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, өздігінен әрекет ету мүмкіндігін арттыруға көмектеседі. Ал санаторий-курорттық ем денсаулықты нығайту мен оңалтуға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстың басты мақсаты – азаматтардың қажеттіліктерін ескеріп, оларға тиісті қолдаудың уақытылы көрсетілуіне ықпал ету.

– Қиын тұрмыстық жағдайға тап болған азаматтарға қандай материалдық көмек беріледі?

– Жыл сайын қала бюджеті есебінен мерекелік күндерге орай және ауыр тұрмыстық жағдайға тап болған азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Оның ішінде өрт немесе дүлей апат салдарынан мүлкіне залал келген отбасылар мен әлеуметтік мәні бар ауруға шалдыққан азаматтар бар.

Бөлімнің мәліметіне сәйкес, есепті кезеңде аймақ бойынша мұндай материалдық көмекпен 930 адам қамтылды.

Мұндай қолдау күтпеген жағдайларға байланысты қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға демеу болуға бағытталған. Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралып, көмек көрсету негіздері қолданыстағы талаптарға сәйкес анықталады.

– Бөлімге қарасты үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің қызметі туралы айтып өтсеңіз.

– Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі күнделікті тұрмыста қолдауды қажет ететін азаматтарға қызмет көрсетеді.

Бөлімшеде 22 штат бірлігі қарастырылған. Қазіргі уақытта бөлімше есебінде 93 адам бар. Оның 78-і – егде жастағы азаматтар, 15-і – мүмкіндігі шектеулі балалар.

Үйде әлеуметтік қызмет көрсету, әсіресе, өздігінен жүріп-тұруы немесе күнделікті қажеттіліктерін орындауы қиын адамдар үшін маңызды. Қызмет алушыларға тұрғылықты жерінде көмек көрсетілуі олардың тұрмысын жеңілдетуге және қоғаммен байланысын сақтауға мүмкіндік береді.

Бұл жұмыс мамандардан кәсіби біліктілікпен қатар жауапкершілікті, сабырлылықты және жанашырлықты талап етеді. Әр адамның жағдайы мен қажеттілігіне жеке назар аудару – әлеуметтік қызметтің маңызды ерекшелігі.

– Отбасыларды қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бөлімге қарасты тағы бір мекеме – Қаражал қаласы әкімдігінің «Отбасы институтын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Орталықта 5 штат бірлігі қарастырылған.

Мекеменің негізгі міндеті – ауыр тұрмыстық жағдайға тап болған отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету.

Кейбір отбасыларға өз құқықтарын түсіндіру қажет болса, енді біріне психологиялық қолдау немесе тиісті әлеуметтік қызметтерге бағыт-бағдар беру маңызды. Сондықтан, орталықтың жұмысы отбасылардың мәселелерін кешенді қарастыруға бағытталған.

Алдағы уақытта да отбасыларға қолдау көрсету, олардың қажеттіліктеріне назар аудару және тиісті көмек түрлеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады.

– Еңбек ету мақсатында көшіп келушілерге қатысты мемлекеттік қызметтер бойынша қандай көрсеткіштер бар?

– 2026 жылы еңбекші көшіп келушілерге 400 квота бөлінді. Осы бағытта 170 өтініш түсті. Оның ішінде 115 адамға рұқсат беріліп, бір адамның рұқсаты ұзартылды. Ал 52 өтініш бойынша құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты рұқсат берілмеді. Бұл бағыттағы жұмыс өтініштерді қабылдау, құжаттарды тексеру және мемлекеттік қызмет көрсету талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді қамтиды.

– Әлеуметтік сала қызметкерлері күніне орай әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар?

– Әлеуметтік салада еңбек ету – үлкен жауапкершілік. Себебі, біздің жұмысымыз адамдардың өмірімен, отбасылардың жағдайымен және көмекке мұқтаж азаматтардың күнделікті қажеттіліктерімен тығыз байланысты. Осы мерекеде барша әлеуметтік сала қызметкерлеріне еңбектеріне табыс, мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Күнделікті қызметтеріңізде көрсеткен қамқорлықтарыңыз бен жанашырлықтарыңыз өз жемісін берсін. Халықтың алғысына бөленіп, абыройлы еңбектеріңізбен қоғам игілігіне қызмет ете беріңіздер!

– Әңгімеңізге рақмет.

 Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.