24.10.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!24.10.2026
Ақпарат ағыны

Ұлы даланың ұлы күні

24.10.2026 · 00:48 · admin

Тарихтың терең қойнауынан тамыр тартқан әрбір ұлттың жадында мәңгі өшпес алтын әріптермен жазылатын қасиетті белестер болады. Сол ұлы белестердің шоқтығы биігі – еліміздің егемендікке бет алған алғашқы қадамын айшықтайтын 25 қазан – Республика күні.

Бұл – сан ғасырлық бабалар арманы ақиқатқа айналып, елдік пен бірліктің, татулық пен тұтастықтың салтанат құрған күні. Қазақстанның әрбір өңірі мен қаласы осы бір ұлы датаны ерекше рухпен қарсы алып, мемлекеттігіміздің тұғырын биіктетер белестерді мақтанышпен паш етеді. Еңбегімен ел мерейін өсірген қасиетті мекенде аталып өтетін бұл күн – әрбір саналы азаматтың жүрегіне патриоттық сезім ұялатып, келешекке деген сенімін нығайтатын қуанышты сәт.

Міне, осындай мазмұнды да маңызды мереке күні Қаражал қаласы тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, елдігімізді айшықтайтын басты мерекені ерекше рухпен, үлкен салтанатпен атап өтті. Киелі Ұлытау өңірінің төрінде орналасқан кеншілер шаһары бұл күні шаттыққа бөленіп, қала тұрғындары мен қонақтары маңызды оқиғаның куәсі болды.

Әрбір халықтың жадында мәңгі қалар осындай даталардың қатарында 25 қазан – қазақ халқының сан ғасырлық аңсаған азаттығына жол aшқан ең қасиетті күндердің бірі. Дәл осы күні 1990 жылы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміздің егемендікке қарай жасаған тұңғыш батыл қадамы тасқа басылған еді. Бүгінде бұл күн – тек тарихи белес қана емес, бұл – барша қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағын жарастырған, елдігімізді әлемге паш еткен ұлы мереке.

Еңбегімен ерекшеленген Қаражал қаласы да бұл мерекеге зор жетістіктермен, ерекше ықыласпен жетті. Мерекелік шара қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан салтанатты жиынмен жалғасты. Сахна төріне Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов шақырылып, қала жұртшылығын Республика күнімен құттықтады:

— Бүгін – халқымыз үшін аса маңызды мерекелердің бірі – Республика күні. Осы айтулы күнмен сіздерді шын жүректен құттықтаймын.

1990 жылы осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы кеңесі «Мемлекеттік Егемендік туралы» Декларацияны қабылдап, Қазақстанның дербес саясат жүргізуінің құқықтық негізі қаланды. Республика күні – тәуелсіз ел болудың бастауы, елдігімізді танытқан белес. Бұл мереке бізге ұлт ретінде қалыптасу жолындағы қиын да қасиетті кезеңдерді еске салып, жаңа буынды отансүйгіштікке, бірлік пен жауапкершілікке тәрбиелейді.

Республика күні – жалпыұлттық мереке. Қазақстанның қарқынды дамуы мен табысы – халықтың бірлігі мен ынтымақтастығының нәтижесі. Әрбір шаңыраққа шаттық, зор денсаулық, тұрақтылық пен толағай табыс тілеймін. Ел іргесі тыныш, бейбітшілігіміз баянды болсын!

Мерекенің ең әсерлі бөлігі – марапаттау рәсімі болды. Жаңа қазақстандық қоғамды құру жолында ерен еңбек етіп жүрген бір топ азаматтардың еңбегі еленіп, лайықты марапаттарына ие болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, көпбалалы аналардың мәртебесін асқақтататын «Күміс алқа» алқасы Диана Шулаковаға және Ақжарқын Булкеноваға салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ, өз ісіне адалдығымен танылған Қаражал қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы Әсем Ерденова Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің Алғыс хатымен марапатталды. Жаңа Қазақстандық қоғам құру ісіндегі белсенділігі үшін Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова, қалалық мәслихат аппаратының бас маманы Данияр Бегманов және жеке кәсіпкер Айсұлу Киштаева қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Өнерпаздардың тарту еткен әсем әндері мен шұрайлы күйлері көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Әрбір өңірдің тарихы мен байлығы елдің тұтастығын айғақтайтын бұл кеш қала тұрғындарының жадында ұзақ сақталары анық.

Туған өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген жанның еңбегін бағалаған бұл шара кеншілер шаһарының тарихында жарқын бет болып жазылары анық. Тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы – егемендік рухын асқақтатқан қасиетті Республика күні еліміздің бірлігін бекемдеп, әрбір шаңыраққа бақыт, береке мен мол игілік әкелсін! Егемен еліміздің көк байрағы көкте желбіреп, тұғырымыз әрқашан биік болсын!

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ