Сарысу жағасындағы серпін

Кәсіподақ күні қарсаңында Сарысу өзенінің жағасы ерекше думанға бөленді. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған дәстүрлі балық аулау жарысы биыл да өндіріс ұжымын, ардагерлерді, жастарды және еріктілерді бір арнаға тоғыстырған тағылымды шараға айналды.
Күздің қоңыр салқынына қарамастан, таң сәріден өзен бойына қатысушылар ағылып келе бастады. Биылғы додаға үш адамнан құралған 30 команда қатысты. Өндіріс орындарының жұмыскерлерімен қатар, комбинат ардагерлері, Жастар кеңесінің мүшелері мен «Өндіріс волонтерлері» тобы да белсенділік танытты. Көпшілік бұл күнді отбасымен бірге өткізуді жөн көріп, жарысқа бала-шағасын еріте келгені шараның ажарын аша түсті.
Жарыстың ең жас қонағы небәрі екі айлық Дәрия Даукен болды. Әкесі Данияр Жақсыбеков мүшесі болған Басқарма командасына қолдау көрсетуге келген бүлдіршін қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.
Қатысушылар қармақтары мен қажетті құрал-саймандарын әзірлеп жатқанда кәсіподақ ұйымының мамандары да келген қонақтарға дастарқан жайып, самаурыннан буы бұрқыраған шай ұсынды. Ыстық тағамдар мен түрлі тіске басар әзірленіп, көпшіліктің көңілінен шыққан хош иісті кәуап та дайындалды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде кәсіподақ төрағасы Мүбәрак Кәрібаев пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Қойшыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар мұндай шаралардың еңбек ұжымындағы ауызбіршілік пен достық қарым-қатынасты нығайтудағы маңызына тоқталып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Белгі берілісімен өзен жағасында қызу тартыс басталды. Бірінің қармағына шабақ түссе, енді бірі салмақты олжаға кенеліп жатты. Үш сағатқа созылған сайыс барысында қатысушылар тек бақ сынасып қана қоймай, балықшылық тәжірибелерімен бөлісіп, көтеріңкі көңіл-күйде әңгіме-дүкен құрды.
Көпшіліктің назарын аударған «Ең ірі балық» аталымы бойынша тартыс соңына дейін жалғасты. Ардагерлер арасында бұл марапат жылумен және сумен жабдықтау цехынан шыққан зейнеткер Ерболат Тұрабековке бұйырды. Ал жұмыскерлер арасында салмағы 2 келі 895 гр шортан аулаған геолог Дархан Советов үздік нәтиже көрсетті. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Командалық есепте ауланған балықтың жалпы салмағы негізгі көрсеткіш ретінде алынды. Бұл сыннан техникалық күтіп қарау және жөндеу басқармасының слесарі Ерубай Құлтасов, жөндеуші слесарь Алмас Өмірбеков және ауысым шебері Әлішер Топановтан құралған команда озық шығып, 5 келі 715 гр балық аулады. Қысқы балық аулау жарысында да топ жарған тәжірибелі балықшылар бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінді.
Екінші орынды инженер-геодезист Мейрамбек Усербаев, геолог Дархан Советов және бас геолог Ержан Құрманғалиевтен құралған команда иеленді. Олардың аулаған балығының жалпы салмағы 3 келі 565 гр құрады.
Ал үшінші орын көліктер цехының жүргізушілері Жасұлан және Алмаз Білеубаевтар мен Ақниет Мылтықбайға бұйырды. Олар 2 келі 930 грамм балық аулап, жүлделі орыннан көрінді.
Ардагерлер арасындағы бәсеке де тартымды өтті. Нәтижесінде Ерболат Тұрабеков бірінші орынға ие болса, Геннадий Гулько екінші, Николай Курочкин үшінші орынға тұрақтады. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шараның тәрбиелік әрі қоғамдық маңызы да жоғары болды. Жарыс аяқталғаннан кейін қатысушылар өзен жағалауында сенбілік өткізіп, аумақты қоқыстан тазартты. Осылайша олар табиғатқа жанашырлық танытып, экологиялық мәдениеттің үлгісін көрсетті.
Бүгінде бұл сайыс өндірісшілер асыға күтетін ең танымал әрі қатысушылары көп корпоративтік шаралардың біріне айналды. Жылына екі рет, жазғы және қысқы маусымда өткізілетін балық аулау жарысы еңбек адамдарын жақындастырып, ұжымдық бірлік пен ұйымшылдықты нығайтудың тиімді тетігіне айналып отыр. Ал балықшылардың келесі кездесуі дәстүр бойынша қысқы мұз үстіндегі додада жалғасын таппақ.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.