Қазан айының алғашқы күні Жәйрем кентінде Халықаралық қарттар күніне арналған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып, ел ағалары мен ақ жаулықты аналарға ерекше құрмет көрсетілді. Бір күн аясында өткен мерекелік кездесулер мен құттықтаулар аға буынға деген ілтипаттың жарқын көрінісіне айналды.
Қазақ халқы қашанда қариясын қазынасына балап, ақылын өмірлік бағдар тұтқан. Сондықтан, үлкенге құрмет көрсету тек дәстүр ғана емес, ұлт тәрбиесінің ажырамас бөлігі саналады.
Осы мақсатта Жәйрем кенті әкімі аппараты мен мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен «Қартқа бізден құрмет бар» атты мерекелік «Ақ дастархан» кеші өтті. Оған кенттің ақ жаулықты аналары, ақ сақалды қариялары, еңбек ардагерлері мен өңірдің дамуына үлес қосқан қадірлі азаматтар қатысты.
Кең жайылған дастархан басында қарияларға ақжарма тілектер айтылып, мәдениет қызметкерлері ән мен күйден шашу шашты. Ұлттық нақыштағы өнер көрсетілімдері мерекенің сәнін келтіріп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара барысында Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, олардың Жәйремнің қалыптасуы мен дамуына қосқан еңбегін ерекше атап өтті.
– Бүгінгі жетістіктеріміздің берік іргетасы сіздердің адал еңбектеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңізде жатыр. Сондықтан, сіздерге деген құрмет ешқашан кемімейді, – деді кент әкімі.
Мерекелік жиында Ақсақалдар алқасының төрағасы Марлан Шамбулов та сөз сөйлеп, қарияларға ізгі тілегін жеткізіп, ақ батасын берді. Кеш соңында ардагерлерге арнайы сый-сияпаттар табысталды.
ІЗЕТ ШАҢЫРАҚТАН БАСТАЛАДЫ
Мерекелік шаралар мұнымен шектелген жоқ. Жәйрем кенті әкімі аппараты мен мәдени-сауық орталығының бірлескен жоспары аясында кент басшылығы ардақты әжелердің үйлеріне арнайы барып, мерекелік құттықтау ұйымдастырды.
Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов пен мәдени-сауық орталығының директоры Ақмарал Елібаева ақ жаулықты аналардың шаңырақтарына барып, жылы лебіздерін білдірді. Қарияларға тәтті сыйлық себеттері тарту етіліп, олардың қоғам мен отбасы тәрбиесіндегі орнына құрмет көрсетілді.
Кездесу барысында әжелер ақ баталарын беріп, өмір жолынан тағылымды әңгімелер айтты. Осындай жүздесулер ұрпақтар сабақтастығының мәнін тереңдете түсіп, үлкендердің өмірлік тәжірибесі қашанда кейінгі буын үшін құнды мұра екенін тағы бір мәрте аңғартты.
«ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ»
Халықаралық қарттар күніне арналған құрмет шаралары Жәйрем кенті ауруханасында да жалғасты. «Қарттарым – асыл қазынам» атты кездесуге денсаулық сақтау саласының ардагерлері қатысып, олардың көпжылдық еңбегіне алғыс білдірілді.
Жиынды ашқан аурухана директоры Дәурен Смағұлов ардагерлерді мерекемен құттықтап, емдеу мекемесінің дамуына қосқан үлестерін атап өтті.
Мерекелік бағдарлама барысында өлеңдер оқылып, ардагерлер еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті. Олар жас буынға ақыл-кеңестерін айтып, мамандыққа адалдық пен жауапкершілік жайында ой қозғады. Өз кезегінде медицина қызметкерлері ән шырқап, өнерлерін ұсынып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында аурухана ұжымы ардагерлерге сый-сияпат көрсетіп, ізгі тілектерін жеткізді. Ал ардагерлер ризашылық белгісі ретінде ұжымға қазан-ошақ пен самауырын сыйлады. Бұл олардың алғашқы тартуы емес. Өткен жылы да ардагерлер өздері еңбек еткен аурухана ұжымына киіз үй мен оның толық жабдықтарын сыйға берген еді.
РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Жәйремде өткен Қарттар күніне арналған іс-шаралар аға буынға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды. Елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ардагерлерді ардақтау – кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы. Өйткені, олардың өмірлік тәжірибесі мен адал еңбегі бүгінгі қоғам үшін маңызды рухани құндылық болып қала береді.
Халық даналығында айтылғандай, «қариясы бар елдің қазынасы бар». Ендеше елдің берекесін арттырған ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты аналарымыз аман болып, ақ батасы мен ақыл-парасаты кейінгі ұрпаққа әрдайым жол көрсете берсін.
Теректі ШАҒАТАЙ
