Зорлық-зомбылықсыз 16 күн

Ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында қала аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған дәстүрлі «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы өткізілуде.
Аталған акцияның басты мақсаты – отбасындағы және қоғамдағы зорлық-зомбылықтың кез келген түрінің алдын алу, оның жолын кесу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы тұрғындарды кеңінен ақпараттандыру.
Акция аясында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардаптары мен оның алдын алу жолдары туралы ақпарат тарату, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту, өзара сыйластық пен түсіністік мәдениетін қалыптастыру, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, құқықтық тәрбие мен адамгершілік қағидаттарын насихаттау – акцияның маңызды бағыттарының бірі.
Зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес, бұл бүкіл қоғамға ортақ өзекті мәселе. Әрбір азамат зорлық-зомбылыққа бейжай қарамай, оның алдын алуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосуы қажет.
Біз әрбір отбасыда тыныштық, сыйластық пен өзара түсіністік орнағанын қалаймыз!
Құрметті қала тұрғындары!
Сіздерді «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясына белсенді қатысуға, отбасы құндылықтарын құрметтеуге, зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне бейжай қарамауға және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысуға шақырамыз!
Зорлық-зомбылыққа жол жоқ! Бірге қауіпсіз әрі зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастырайық!
Лана КЕНЕСОВА,
Қаражал қаласы ПБ ҚҚБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция капитаны.
