Заң талаптарын сақтау – мемлекеттік қызметтің негізгі мақсаты

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласында заңдылық қағидаттарын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және қызметтік міндеттерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес орындауын қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен қоғам алдындағы беделі, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын мүлтіксіз сақтауына, қызметтік әдеп нормаларын ұстануына және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына тікелей байланысты. Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті тарапынан заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және мемлекеттік қызметшілер арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді.
Түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар мен олардың қызметшілеріне қолданыстағы заңнама нормаларын жан-жақты түсіндіру, заң талаптарын дұрыс қолдану тәжірибесін қалыптастыру және заң бұзушылықтарға жол бермеу. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің сақталуына қатысты түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бұл ретте профилактикалық шаралардың маңызы ерекше. Себебі, заң бұзушылық орын алғаннан кейін тиісті шара қабылдаумен шектелмей, оның алдын алу, ықтимал тәуекелдерді анықтау және қызметшілерге заң талаптарын алдын ала түсіндіру әлдеқайда тиімді болып табылады. Мемлекеттік органдарда заңдылықты қамтамасыз ету тек бақылаушы құрылымдардың міндеті емес, бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің ортақ жауапкершілігі. Әрбір қызметші өз қызметінде заңдылық, әділдік, ашықтық және адалдық қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс. Өйткені, құқықтық сауатты, өз міндеттері мен жауапкершілігін терең түсінетін мемлекеттік қызметші – тиімді мемлекеттік аппараттың негізгі тірегі. Заңнама талаптарының сақталуы мемлекеттік қызметтің сапасын арттырудың, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың және құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтырудың маңызды шарты болып табылады. Сондықтан, заң талаптарын түсіндіру және олардың орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Фариза ШӘКЕЙ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы.
