Үйді жылыту, ас дайындау, тұрмыстық техниканы пайдалану – барлығы да отпен және жылу көздерімен тығыз байланысты. Алайда, отты дұрыс пайдаланбау немесе қауіпсіздік талаптарын сақтамау қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Жыл сайын қала аумағында орта есеппен 20–25 өрт оқиғасы тіркеледі. Өрттердің басым көпшілігі тұрғындардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан, салғырттығы мен абайсыздығынан орын алады. Өрт оқиғаларының шамамен 80 пайызы тұрғын үйлерде тіркеледі.
Күн суытып, жылыту маусымы басталған кезде пештер мен түтін мұржаларының ақауынан, сондай-ақ, оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан болатын өрт саны күрт артады.
Осыған байланысты тұрғындарды жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз.
Пешті пайдалану кезінде мына талаптарды ескеріңіз:
- жылыту маусымы басталар алдында пештерді, мұржаларды және басқа да жылыту құралдарын мұқият тексеріп, анықталған ақауларды дер кезінде жою;
- түтін шығатын құбырлар мен пештерді жылыту маусымы басталғанға дейін және жылыту кезеңінде кемінде үш айда бір рет тазалау;
- шатырдағы түтін өтетін арналарының, түтін мұржаларының және қабырғалардың тиісті бөліктерін әктеп, өңдеу;
- пештің от жағатын қақпағының алдына көлемі кемінде 50×70 см болатын металл қаңылтыр төсеу;
- түтін арналары, мұржалар мен қабырғалардың сылағы бұзылған жағдайда оларды дереу қалпына келтіру;
- қатты отынмен жұмыс істейтін пештердің түтін мұржаларын ұшқын сөндіргіш құрылғылармен жабдықтау.
Мыналарға қатаң тыйым салынады:
- жанып тұрған пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ, кішкентай балаларға пешті бақылауды тапсыруға;
- отынды және басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пештің алдында сақтауға;
- пешті жағу үшін бензин, керосин, дизель отыны және басқа да тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға;
- пешті мақсатына арналмаған отынмен, соның ішінде қоқыспен, жанғыш қалдықтармен немесе газбен жағуға;
- пешті шамадан тыс қыздырып жағуға.
Өрт немесе жану белгілері байқалған жағдайда, дереу «101» немесе «112» телефондарына хабарлаңыз. Мүмкіндік болса, өртті бастапқы кезеңде сөндіруге әрекет жасап, адамдарды және бағалы заттарды қауіпсіз жерге шығаруға шара қолданыңыз.
Естеріңізде болсын: от салғырттықты кешірмейді!
Пешті дұрыс пайдалану, жылыту жүйелерін уақытылы тексеру және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігінің кепілі!
Ануар ЕРҒАЗИЕВ,
Қаражал қаласы ТЖ бөлімінің аға анықтаушысы, а/қ лейтенанты
