Кәсіподақ күніне орай ұйымдастырылған шағын футбол жарысы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жұмыскерлерін бір алаңға тоғыстырды. Жеті команда бақ сынаған тартысты дода спорттың ұжымды ұйыстыратын, әріптестік пен достықты нығайтатын күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кәсіподақ күні қарсаңында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ кәсіподақ мүшелері арасында шағын футболдан жарыс өтті. Комбинат бөлімшелерінен жасақталған жеті команда қатысқан спорттық дода тартысты әрі қызықты сәттерге толы болды.
Күн сайын өндірісте ортақ мақсат жолында еңбек етіп жүрген жұмыскерлер бұл жолы жасыл алаңда кездесіп, өзара мықтыларды анықтады. Бірнеше сағатқа созылған жарыс барысында командалар жеңіске деген жігерін, ұйымшылдығы мен шеберлігін көрсетті. Әр ойын тартысты өтіп, жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ойыншылар арасында Басқарма командасынан шыққан Ұлан Жұмажанов, полиметалл байыту фабрикасының футболшысы Айтбек Жанұзақов, энергия цехының ойыншысы Еркебұлан Рапыхов, полиметалл байыту фабрикасының жұмыскері Серік Асқаров ерекше көзге түсті.
Шағын футбол жарысы комбинат жұмыскерлері асыға күтетін, ерекше қызығушылықпен қатысатын дәстүрлі спорттық шаралардың біріне айналған. Өндірісте иық тіресе еңбек ететін азаматтар үшін бұл жарыс тек бәсеке ғана емес, өзара сыйластықты нығайтып, сергек көңіл-күй сыйлайтын мереке іспетті.
Шағын футбол тек жылдамдық пен ептілікті ғана емес, өзара түсіністік пен сенімді де талап етеді. Сондықтан, алаңдағы әрбір гол мен сәтті шабуыл командалық жұмыстың нәтижесі болды. Спорттық бәсеке барысында қатысушылар жеңіске деген ұмтылыспен қатар, әріптестік қарым-қатынас пен сыйластықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша І орын «ПОФ-1» командасына бұйырды. Ал ІІ орынды Басқарма командасы иеленсе, ІІІ орын «ПОФ-2» командасының қанжығасына байланды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, кубоктар мен дипломдар табысталды. Бұл марапаттар қатысушылардың спортқа деген ынтасын арттырып, командалардың дайындығы мен жігеріне берілген лайықты баға болды.
Мұндай спорттық шаралар жұмыскерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және бөлімшелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Өндірістегі табыстың негізі болған ұйымшылдық пен өзара қолдау спорт алаңында да айқын көрініс тапты.
Осы жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, сәтті өтуіне атсалысқан «Жәйрем Спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің ұжымына айрықша алғысымызды білдіреміз. Спортты серік еткен өндіріс жұмыскерлеріне тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлап, жарыстың мазмұнды әрі тартысты өтуіне қосқан үлестері зор.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтай отырып, жарысқа қатысқан барлық командаларға алғыс білдіреміз. Еңбекте де, спортта да толағай табыстарға жете беріңіздер! Ұжымымыздың бірлігі мен берекесі арта берсін!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
