ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді дәріптейтін, туған жерге деген сүйіспеншілік пен Отан алдындағы жауапкершілікті айшықтайтын ерекше күн. Оның тарихи мәні терең, тағылымы мол. Республика күні әрбір азаматтың бойындағы отаншылдық рухты оятып, еліміздің жарқын болашағына деген сенімін нығайтады.
Қаражал қаласының өркендеуі мен келешегі әрбір тұрғынның адал еңбегіне, жауапкершілігіне және туған қаласына деген жанашырлығына тікелей байланысты. Отанға деген сүйіспеншілік тек ірі жетістіктермен ғана емес, күнделікті атқарылатын игі істермен де өлшенеді. Өз міндетіне адал болу, айналадағы адамдарға құрмет көрсету, қоршаған ортаның тазалығы мен қаланың көркеюіне үлес қосу – туған жерге деген шынайы қамқорлықтың көрінісі. Әрбір бастама мен ізгі іс қаламыздың дамуына, еліміздің өркендеуіне жол ашады.
Алдағы уақытта да бірлігімізді бекем сақтап, өзара қолдау мен сенімді нығайтып, ортақ мәселелерді бірлесе шешіп, алдымызға қойған мақсаттарға табандылықпен ұмтылуымыз қажет. Өйткені, бірлік пен ынтымаққа негізделген адал еңбек қана қаламыздың әлеуетін арттырып, тұрғындарымыздың әл-ауқатын жақсартуға және болашақ ұрпаққа жарқын келешек қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Құрметті жерлестер!
Республика күні – өткенімізді бағамдап, бүгінімізді саралап, ертеңімізге сеніммен қарайтын мереке. Еліміздің дамуы мен Тәуелсіздігіміздің нығаюы жолында әрқайсымыз өз үлесімізді қосып, туған жеріміздің игілігі үшін аянбай еңбек ете берейік!
Осы айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге табыс, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін! Әр шаңыраққа шаттық пен молшылық, елімізге тыныштық пен тұрақтылық, қаламызға өркендеу мен толайым жетістіктер тілеймін!
Қазақстан Республикасының күні құтты болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Құрметпен,
Айқын ЕЛЕУСІЗОВ, Қаражал қаласының әкімі.