— Бұл — дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс. Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл — қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз, — деді Мемлекет басшысы Құрылтайда өтіп жатқан жиында.
Президенттің айтуынша, осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек.
— Құрылтай депутаттарына да үмітім зор. Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті. Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бұл — ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.