Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы – Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі

Мемлекет басшысы бұл тарихи оқиғаның Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрінің қайта жаңғыруындағы маңызын атап өтті. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған декларация еліміздің дербес даму жолына негіз қалап, тәуелсіздіктің іргетасын бекітті. Сондықтан Республика күні – мемлекеттілігіміздің бастауларын бағамдап, ұлттық мұраттар мен ел болашағы алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін ерекше мереке.
Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында еліміздің қалыптасуы мен дамуына негіз болған тарихи жетістіктердің маңызы арта түседі. Мемлекеттік рәміздердің бекітілуі, ұлттық қаржы жүйесінің қалыптасуы, мемлекеттік шекараның түпкілікті айқындалуы және жаңа астананың құрылуы – тәуелсіз мемлекеттің берік негізін қалаған маңызды қадамдар. Егемендік осы институционалдық негіздер арқылы нығайып, Қазақстанға өз даму жолын дербес айқындауға мүмкіндік берді. Мемлекеттілікті одан әрі нығайту қол жеткізілген жетістіктерді бағалап, елдің болашағы мен келер ұрпақтың игілігі үшін жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді.