01.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТТұрмыстағы өрт қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік01.11.2026
Ақпарат ағыны

Жәйремде жүйелі жұмыс жалғасуда

01.11.2026 · 16:20 · admin

Жәйрем кентінде инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы мақсатта кент әкімі Қайрат Жансағымов кент аумағында жұмыс атқарып жатқан мердігер ұйымдардың өкілдерімен арнайы кеңес өткізіп, атқарылып жатқан жобалардың жүзеге асу барысын талқылады.

Кездесу барысында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды мәселелер қаралып, алдағы кезеңде басымдық берілетін жұмыстар айқындалды.

Әсіресе, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекенді абаттандыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кеңестің негізгі тақырыптарының бірі газ және кәріз жүйелерін тарту мен оларды іске қосу жұмыстары болды. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда тұрғындардың тұрмыс деңгейі жақсарып, кенттің коммуналдық инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай дамиды.

Сондықтан, аталған жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы басты міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Сонымен қатар, кент аумағын абаттандыру мәселелері де кеңінен талқыланды.

Бүгінде мердігер ұйымдар жолдарды күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық орындар мен көшелердің тазалығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар атқаруда. Жасыл желектер көлемін арттыру, аумақтарды көркейту және санитарлық тазалықты сақтау елді мекеннің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кеңес барысында көше жарығы мен бейнебақылау жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Қазіргі таңда бұл бағыт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетіктердің бірі саналады. Осыған байланысты жауапты ұйымдарға жарықтандыру және бейнебақылау жүйелерінің үздіксіз жұмысын бақылауда ұстау тапсырылды.

Кент әкімі Қайрат Жансағымов барлық мердігер ұйымдардың назарын маусымдық жұмыстарды уақытында әрі сапалы аяқтауға аударды. Әсіресе, инженерлік желілерді жүргізу кезінде орындалған қазба жұмыстарынан кейін жол төсемдерін қалпына келтіру, көшелерді тегістеу және аумақтарды ретке келтіру жұмыстарын созбалаңға салмай аяқтау қажеттігін атап өтті.

«Тұрғындарға қолайсыздық туғызатын мәселелер дер кезінде шешілуі тиіс. Әрбір мердігер өзіне жүктелген міндетті сапалы орындап, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауы қажет», деген талап қойылды кеңес барысында.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді. Инфрақұрылымдық жобалардан бастап абаттандыру жұмыстарына дейінгі барлық бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен бақылауда болады.

Жәйрем кентінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, елді мекеннің келбетін жаңғыртуға және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Ал атқарылып жатқан жұмыстардың орындалу барысы кент әкімі Қайрат Жансағымовтың жеке бақылауында.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.