Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылы «Үздік ауыл» атанды!

«Ауыл» республикалық телеарнасы ұйымдастырған «Үздік ауыл» республикалық мега жобасына қатысқан Ұлытау облысынан Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылы жеңімпаз атанып, 10 млн. теңге жүлдеге ие болды.
Қазақстан ауылдарының әлеуетін таныту, жетістіктерін насихаттау, ауыл тұрғындарының бірлігін нығайту және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында алғаш рет ұйымдастырылған байқауға әр облыстан ұсынылған 17 ауыл қатысқан болатын.
Әр қатысушы бірінші кезеңде ауыл туралы арнайы бейнематериалды көпшілікке ұсыну және әлеуметтік желілер арқылы қолдау жинап, ақтық сайысқа 10 ауыл жолдама алды.

12 қазанда бастау алған ерекше жобаның ақтық сайысы 31 қазан күні Алматы қаласында ұйымдастырылып, қатысушылар дәстүрлі ән, күш сынасу, сұрақ-жауап және ет асу сайыстарында бақ сынады. Аталған сайыстарда үздік өнер көрсеткен Түгіскендіктердің мерейі үстем болды.

Түгіскен ауылының байқауға қатысып, үздік атануы – Жаңаарқа ауданының тарихын, мәдениетін, ауыл тұрғындарының еңбегін және өңірдің ерекшелігін республикалық деңгейде танытты.