01.11.2026 · Қаражал, Ұлытау облысы
Q.QARAJALNEWS
Қазыналы өңірдің ақпарат айнасы
АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БАСЫЛЫМҚаражал · Жәйрем · Ұлытау
СОҢҒЫ АҚПАРАТТұрмыстағы өрт қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік01.11.2026
Ақпарат ағыны

Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

01.11.2026 · 16:24 · admin

Өрт қауіпсіздігін сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау мүліктің бүлінуіне ғана емес, адам өміріне қауіп төндіріп, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Өрттің шығуына көбіне отты абайсыз пайдалану, электр құрылғыларын дұрыс қолданбау және балалардың отпен ойнауы себеп болады.

Осыған байланысты Қаражал қаласының Төтенше жағдайлар бөлімі қала тұрғындарын тұрмыста және тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Өрттің алдын алу үшін мынадай қауіпсіздік шараларын сақтаңыз:

— үй ішінде темекі шекпеңіз, сөндірілмеген темекі тұқылын қалдырмаңыз;

— жылыту маусымы басталар алдында пештің жарамдылығын тексеріп, оның қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіңіз;

— пештің маңында тез тұтанатын және жанғыш заттарды сақтамаңыз;

— пешті тұтату үшін бензин, керосин және басқа да тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдаланбаңыз;

— толық сөнбеген көмір мен күлді ағаштан жасалған құрылыстардың немесе жанғыш заттардың жанына төкпеңіз;

— қолдан жасалған электр жылыту құрылғылары мен электр қорғаныш құралдарын пайдаланбаңыз;

— электр сымдарын жөндеу және электр желісін орнату жұмыстарын білікті мамандарға тапсырыңыз;

— электр құрылғылары мен қондырғыларының жарамдылығын жүйелі түрде тексеріп отырыңыз;

— балаларды қараусыз қалдырмаңыз, оларды үйден шығарда сыртынан құлыптап кетпеңіз;

— электр құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, оларды қараусыз қалдырмаңыз.

Пешті пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары

Пештер мен түтін мұржаларын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет.

Түтін құбырының жоғарғы бөлігінен жанғыш материалдардан жасалған, оттан қорғалмаған төбеге дейінгі қашықтық кемінде 0,5 метр, ал тиісті түрде қорғалған жағдайда кемінде 0,4 метр болуы тиіс.

Түтін құбырының төменгі бөлігінен жанғыш немесе қиын жанатын материалдардан жасалған еденге дейінгі қашықтық кемінде 0,15 метр болуы қажет. Ұзындығы 0,4 метрден аспайтын түтін шығарғыштарды қолдануға тиісті талаптар сақталған жағдайда ғана жол беріледі.

Түтін шығарғыштар мен пештің жанғыш құрылыс материалдарына жақын орналасатын бөліктері өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес орындалуы тиіс. Құрылымдар арасындағы қажетті арақашықтықтар мен қорғаныш материалдары қолданыстағы нормативтік талаптарға сай болуы қажет.

Пештер мен түтін мұржаларын күтіп ұстау

Шатыр кеңістігінде түтін арналары өтетін мұржалар мен қабырғаларды әктеп ағарту қажет. Бұл түтіннің шығуын және жарықтар арқылы таралуын дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.

Пештер мен түтін мұржаларын жылыту маусымы басталғанға дейін міндетті түрде тазалап, тексеру керек. Жылыту маусымы кезінде түтін шығарғыштар мен пештерді кемінде үш айда бір рет күл мен күйеден тазарту ұсынылады. Сонымен қатар, олардың бүтіндігін, тарту күшін және қауіпсіздігін үнемі бақылап отыру қажет.

Өрт болған жағдайда не істеу керек?

Өрт шыққан немесе төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз. Оқиғаның мән-жайын, нақты мекенжайды және өрттің қай жерде шыққанын анық әрі толық хабарлаңыз. Ең алдымен өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адамдарды қауіпті аймақтан шығарыңыз.

Өрт қауіпсіздігін сақтау – өз өміріңіз бен жақындарыңыздың өмірін қорғау. Қарапайым ережелерді орындап, өрттің алдын алайық!

Ануар ЕРҒАЗИЕВ,

Қаражал қаласы ТЖб

аға анықтаушысы, азаматтық қорғау лейтенанты.