Тарихи жадыны жаңғырту – ұрпаққа қалдырар өнеге

Көше атауы – жай ғана мекенжай белгісі емес, елдің тарихын, ұлттық болмысын, тарихи тұлғаларға деген құрметін айқындайтын рухани құндылық. Жәйрем кентінде өткен Ақсақалдар алқасы мен жергілікті қауымдастық мүшелерінің жиынында көше атауларын жүйелеу, атауы жоқ көшелерге жаңа атаулар беру және тарихи сабақтастықты сақтау мәселелері талқыланды.
Елді мекеннің даму деңгейі тек инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандары арқылы өлшенбейді. Оның тарихи жады, рухани келбеті, қоғамдық келісімі мен тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығы да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Жәйремде өткен басқосудың қоғамдық маңызы ерекше. Кент әкімі Қайрат Жансағымовтың төрағалығымен өткен жиынға Ақсақалдар алқасының төрағасы Марлан Шамбұлов, алқа мүшелері, жергілікті қауымдастық өкілдері және кент әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері қатысты. Күн тәртібіне қолданыстағы көше атауларын өзгерту және қайта атау, атауы жоқ көшелерге жаңа атаулар беру, оларды заңнамада белгіленген тәртіппен рәсімдеу мәселелері шығарылды.
Көше атауы – тарихи жадының көрінісі
Жиында алғашқы кезекте қолданыстағы көше атауларын ретке келтіру мәселесі қаралды. Кент әкімі Қайрат Жансағымов тарихи маңызы бар атауларды сақтау, елді мекеннің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтардың есімдерін ұлықтау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Бұл ретте Ақсақалдар алқасының төрағасы Марлан Рымбекұлы көше атауларын қайта қарау кезінде Жәйремнің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың есімдерін ескеруді ұсынды. Сондай-ақ, атауларды таңдауда тарихи сабақтастық пен жергілікті тұрғындардың пікіріне басымдық беру қажеттігін атап өтті. Шын мәнінде, Жәйрем – өзіндік қалыптасу тарихы, еңбек дәстүрі мен өндірістік даму жолы бар елді мекен. Оның бүгінгі келбетін қалыптастыруға әр кезеңде үлес қосқан азаматтардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныту – туған жер тарихын түгендеудің маңызды бөлігі. Кен өндірісімен танылған өңір үшін еңбек адамдарының есімін ұлықтаудың да Тарихи жадыны жаңғырту – ұрпаққа қалдырар өнеге мәні зор. Себебі, елді мекеннің тарихы – оның өндірістік жетістіктері ғана емес, сол жетістіктерді жасаған адамдардың тағдыры мен еңбегінің шежіресі. Дегенмен, көше атауын беру кезінде тұлғаның өңірмен байланысы, тарихи еңбегі мен қоғамдық маңызы нақты деректер негізінде зерделенуі тиіс. Бұл – ономастикалық жұмыстың сапасы мен әділдігін қамтамасыз ететін басты талаптардың бірі.
Атауы жоқ көшелерге атау беру – уақыт талабы
Кездесудің екінші маңызды мәселесі Жәйрем кентіндегі атауы жоқ көшелерге жаңа атаулар беру болды. Ақсақалдар алқасының мүшесі Әйкен Искаков бұл мәселені көтерсе, жергілікті қауымдастық төрағасы Асқарәлі Омаров атау таңдауда Жәйрем өңірінің тарихында өзіндік орны бар, ел дамуына үлес қосқан азаматтардың есімдерін қарастыруды ұсынды. Атауы жоқ көшелерді ретке келтіру – тек ономастикалық емес, практикалық маңызы бар жұмыс. Өйткені, нақты көше атауы тұрғындардың мекенжайын сәйкестендіруге, пошта, коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, әрбір жаңа атау белгілі бір тарихи немесе қоғамдық мәнге ие болуы керек. Ол туған өлкенің шежіресін толықтырып, жас ұрпақтың тарихи танымын қалыптастыруға қызмет еткені жөн. Жиынға қатысушылар да осы бағытта пікір білдіріп, тарихи құндылықтарды сақтау, елге танымал тұлғалардың өмірі мен еңбегін насихаттау, ұсынылатын атаулардың маңыздылығын ескеру қажеттігін атап өтті.
Қоғамдық келісім – дұрыс шешімнің негізі
Көше атауларын өзгерту мен жаңа атаулар беру мәселесінде тұрғындардың пікірін ескеру айрықша маңызды. Себебі, бұл шешімдер елді мекеннің ортақ кеңістігіне және сол аумақта тұратын азаматтардың күнделікті өміріне тікелей қатысты. Осыған орай жиында Ақсақалдар алқасы мен жергілікті қауымдастық мүшелерінің ұсыныстары негізінде көше атауларының тізбесін қалыптастыру, тұрғындардың пікірін жинақтау және ұсыныстарды заңнама талаптарына сәйкес зерделеу қажеттігі айтылды. Хаттамаға сәйкес, басқосуда мынадай шешімдер қабылданды: — атауы жоқ көшелерге жаңа атаулар беру жөніндегі ұсыныстарды назарға алу; — ақсақалдар алқасы мен жергілікті қауымдастық мүшелерінің ұсыныстары негізінде көше атауларының тізбесін қалыптастыру; — ұсынылған атаулар заңнама талаптарына сәйкес зерделеніп, тиісті рәсімдеу жұмыстарын жүргізу; — көше атауларын беру кезінде тұрғындардың пікірін ескеру. Бұл шешімдер – алдағы жұмыстың ұйымдастырушылық негізі. Ендігі міндет – ұсыныстарды жинақтап қана қоймай, олардың тарихи негіздемесін әзірлеу, әр атаудың мазмұны мен маңызын саралау және тиісті рәсімдерден өткізу. Осы орайда Ақсақалдар алқасы мен жергілікті қауымдастықтың өзара ықпалдастығы маңызды рөл атқарады. Ақсақалдар өңірдің өткені мен қалыптасу кезеңдерін жақсы білсе, жергілікті қауымдастық тұрғындардың ортақ мүддесін білдіреді. Екі тараптың ұсыныстары мен тәжірибесін ұштастыру қоғамдық келісімге негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Тарихқа тағзым – болашаққа аманат
Жәйремде өткен жиынның маңызын тек көше атауларын өзгерту мәселесімен шектеуге болмайды. Оның негізгі мәні – туған өлкенің тарихи жадын жаңғырту, елге еңбегі сіңген азаматтарды ұлықтау және тұрғындардың қоғамдық мәселелерді шешуге белсенді қатысуына жол ашу. Алдағы уақытта Жәйремнің қалыптасу және даму тарихына қатысты деректерді жүйелеп, өңірге еңбек сіңірген тұлғалар туралы мәліметтерді жинақтау, ұсынылатын атаулардың тарихи негіздемесін әзірлеу маңызды. Сонымен қатар, тұрғындармен ашық пікір алмасып, қабылданатын шешімдер туралы жұртшылықты хабардар етіп отыру қажет. Өйткені, көше атауы – келер ұрпақ күн сайын көретін, оқитын және мәнін тануға ұмтылатын тарихтың бір парағы. Бүгін берілген әрбір атау ертеңгі ұрпақтың туған жер туралы түсінігіне ықпал етеді. Тарихты сақтау – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік. Ал туған жердің әр көшесіне лайықты атау беру – сол жауапкершіліктің нақты көрінісі. Жәйремде басталған қоғамдық талқылаудың жүйелі іске ұласуы, тарихи тұлғалардың есімдері мен өлке тарихының лайықты бағалануы – кенттің рухани келбетін байыта түсетін маңызды қадам болмақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ