Жол жөндеу жұмыстары басталды

Жол жағдайы – ерте заманнан маңыздылығын жоғалтпай келе жатқан мəселенің бірі. Өйткені, жол қатынасы ел экономикасын дамытуға, жолаушылар тасымалын жақсартуға, кəсіпкерлікті ілгері бастырып, жүк тасымалын ұлғайтуға, сондай-ақ, халықаралық, елішілік қатынастың артуына айрықша əсер етеді.

Бұл – халықаралық жолдарға қатысты айтылған əңгіме. Мұның сыртында ауыл жəне қалаішілік жолдар бар. Олардың да сапалы болуы – заман талабы. «Жол қадірін жүрген біледі» дейді атам қазақ. Көшеаралық жолдардың өзі ойлы-шұқырлы болып жатса, тұрғындардың наразылығын тудырады. Көшенің сəнін кетіреді. Сондықтан жыл сайын күн жылына елді мекендерде жолдарды жөндеу жұмыстары басталады.

Міне, осындай ілкімді іс биыл Қаражал-Жəйрем өңірінде де қолға алынып отыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі берген ақпаратқа сүйенсек, биыл өңірде 23,5 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл үшін 721 278 мың теңге қаржы қаралыпты. Оның 332 900 мың теңгесі – облыстық бюджеттен, 338 378 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген.

Қазіргі таңда Қаражалдағы жалпы ұзындығы 3,3 шақырым болатын Горняк, Битабар, Бұлқышев көшелері мен Мир, Төле би тұйық көшелеріндегі жолдарды жөндеу жұмыстары тиянақталып қалды. Бұл жұмыстарға 89 966,0 мың теңге қаралған. Ал, жөндеу жұмыстарымен «МК-group» ЖШС айналысуда. Аталмыш мердігер қазірдің өзінде Бұлқышев көшесіндегі жолды жөндеп бітірді.

Мұның сыртында биыл шаһардағы Сейсенбеков, Кедейтөбе, Қаражал, Сəтбаев, Нияз батыр, Жолқанов жəне Əлиев көшелеріндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары да жүргізілмек. Жолдың жалпы ұзақтығы – 3,7 шақырым. Бұл мақсатқа 114 186,0 теңге бөлінген. Жұмысты жүргізу құқығын «Қазақ жолы-2050» ЖШС ұтып алған. Жол жөндеу 15 шілдеде басталады деп күтілуде.

Осы тектес жұмыстар Жəйрем кентінде де жоспарланған. Биыл мұндағы 10,7 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілмек. Ол үшін облыстық бюджеттен 332 900,0 мың теңге қаралыпты. Жөндеу жұмысымен «Райс KZ» ЖШС айналысуда. Кентте қазір жол жөндеу басталған.

Сондай ақ, бюджетті нақтылау барысында жергілікті қазынадан 184 226,0 теңге бөлініп, оған кенттегі 6 көшенің жолы, яғни, Əлсейт, Шайхана, Төле би, Искаков, Амангелді көшелері мен кенттен шығаберіс беткейдің жолдары да жөнделетін болады. Оның жалпы ұзындығы 5,8 шақырымды құрайды.

Сала мамандарының айтуынша, өңірдегі жол жөндеу жұмыстарының жай-күйі – тұрақты бақылауда. Арнайы топ жұмыс сапасы мен оның кестеге сай жүргізілуін назарда ұстайды.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ