Өз үйім – құтты мекенім…

Көппәтерлі үйлердің апатты шатырлары мен жертөлелерін жөндеу – Жәйрем кентінде осы бір түйіні тарқамаған мәселе түбегейлі шешілді. Тау-кен металлургия компаниясы, «Жәйрем Дамуы» корпоративтік қоры және Ұлытау облысының әкімдігі арасында жасалған меморандум аясында қаражат пен техниканы бөлген «Казцинк» кезекті рет көмекке келді.

Мәселе мынада, 16 бес қабатты үйдің барлығы сонау кеңес заманында салынған. Іргетасы қаланып, тұрғызылғанына 40 жылдан асты. Үйлерде ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмеген. Нәтижесінде үйлердің тозығы жетіп, сын көтермейтіндей жағдайда еді. Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауа бастағанда, үйдің төбесінен су душтан аққандай сорғалайтын. Су бірінші қабатқа дейін жететін. Жертөлелердегі жағдай одан да нашар болды, тіпті оған кіру мүмкін болмады. Кәріздің иісі көшеге, үйдің айналасына тарайтын. Лас жертөле, қаптаған маса тұрғындарға маза бермейтін.
– Бұған дейін меморандум аясында компания қаражаты есебінен коммуналдық желілердің апатты учаскелерін жою бойынша жөндеу жұмыстарын жүргіздік, – дейді «Жәйрем КБК» АҚ әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Ақтоты Жазыбекова. – 2021 жылы жертөлелерге ағымдағы жөндеу және 7 тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізілді. 2022 жылы суық түспей тұрып тағы 6 үйдің шатырының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Міне, енді осы жылдың соңында көпқабатты үйлердің тағы 8 жертөлесі жаңа өмірге жолдама алды. Жөндеу жұмыстары жедел қарқында жүргізілді, өйткені жағдай кейінге ысыруға болмайтындай қиын болды. Күрделі жөндеуді қажет еткен жертөлелердің барлығы дерлік кәріз қалдықтары мен қоқысқа толып қалған.
Қыруар шаруа атқаруға тура келді – алдымен ағынды суларды сорып алды, жертөлелерден тау боп үйілген қоқыс шығарылды, содан кейін ғана коммуникациялар ауыстырыла бастады. Қазір үйлерде жылу, су және кәріз желілерінде жаңа құбырлар орнатылған. Қабырғалар боялды, жарық жүргізілді. Терезелер мен жел сорғыштарға торлар қойылды, ал жертөле кіреберістері құлыптары бар темір есіктермен жабылды. Бұл осының алдында болғандай, қоқысты жертөлеге тастамау үшін жасалды. Жақында ғана соңғы үйді қабылдау актісіне қол қойылды. Барлық жөндеулерді басынан аяғына дейін жергілікті өзін-өзі басқару комитеті, әкімдік, сондай-ақ кент депутаттары мен тұрғындардың өздері бақылап отырды.
– Біз үшін ең бастысы компания бөлген қаражаттың мақсатына сай толығымен жұмсалуы болды. Сондықтан қатаң бақылау жүргізілді. Мердігерлер ешқашан өз жұмыстары үшін бұлай есеп бермегенін айтты. Тұрғындар мен депутаттар жұмысты қабылдамайынша, әкімдік қабылдау актісіне қол қоймайды деген шешім қабылданды. Тиісінше, мердігердің есеп айырысуға мүмкіндігі болмады, – дейді мәслихат депутаты Гауһар Наурызбаева. – Жөндеудің барлық кезеңдерінде біз күн сайын дерлік шатырларға көтеріліп, жертөлелерге түсіп, әр қадамды бақылап отырдық. Күрмеуі қиын мәселелер жеткілікті болды, кейбір жерлерде тіпті тесіліп қалған жабындарды ауыстыруға тура келді. Депутат ретінде маған көптеген проблемалары бар қараусыз қалған аудан берілді. Онда көп балалы отбасылар, жалғызбасты зейнеткерлер, Жәйрем кен байыту комбинатының ардагерлері тұрады. Барлығы дерлік – әлеуметтік көмекке мұқтаж. Бұл Мұратбаев 7, Металлургтер 17, 15 сияқты үйлер. Бұрын еріктілермен бірге мұнда жиі келетінбіз, тұрғындарға көмек көрсететінбіз. Әрине, олардың өз есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Бұл олар үшін орындалмайтын арман секілді еді. Біз «Казцинктің» жергілікті билік органдарымен жасаған меморандумы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтқан кезде, тұрғындар алдымен сенбеді. Атқаратын шаруаның ауқымы тіптен көп. Шатыр деген аты ғана, жаңбыр кезінде су өтіп кететін. Ал жертөлелерде кәріз тесіліп, оның ағындары жылыту және сумен жабдықтау құбырларындағы сумен бірге еденге төгіліп, тереңдігі бір метрдей «көлшіктер» пайда болды! Қолқаңды алатын жағымсыз иістен кіру мүмкін емес еді, төбеде үймелеген масалар… Тұрғындармен көп сөйлесуге тура келді, компания бұл жөндеуді жасауға міндетті болмаса да, адамдар үшін тырысады деп түсіндірдік. Енді міне, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық тұрғындар «Казцинкке» алғыс айтып, жұмыстың сапасын атап өтті. Халық дән риза, жаңа өмір бастады. Кенттің коммуналдық мәселелерін компания басқа да әлеуметтік мәселелер сияқты жоспарлы түрде шешуде. Ең бастысы, тұрғындар үйлерді күтіп ұстауға қатысу, үйлеріне жауапкершілік алу, жертөлелерге қоқыс тастамау, коммуникацияларды сақтау және ақауларды уақытында жою қаншалықты маңызды екенін түсінсе болды.
Бүгінгі таңда барлық 16 үй толық жөндеуден өтті.
Ақаулы өнім тізімдемесіне сәйкес кәріз құбырлары ауыстырылды, жылыту, суық және ыстық су жүргізілді. Жертөлелер ағартылған және жарықтандырылған.
– Жақында ғана жертөлелерге кіру мүмкін емес еді. Енді ол жерде кештер ұйымдастыруға болады. Мердігерлерге ризашылығымызды білдіреміз, осыншалықты ауыр жүктемеге төтеп берді, қыруар іс тындырды, – дейді Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов. – Әр орындаушыға барлық ескертулердің жойылуын бақылауға алған депутаттар, қоғам қайраткерлері, әкімдік қызметкерлері бекітілді. Тұрғындардың өздері де жұмыстың ретін қадағалады. Әкімдік тарапынан да қолдау берілді – вакуумдық машиналармен магистралды кәрізді тазарттық, жертөле үй-жайларынан шығатын суағарларды ауыстырдық.
Мәслихаттың жуырдағы сессиясында депутаттар «Казцинкке» жылы сөздерін айтып, алғыс білдірді. Тұрғындар жүргізілген жөндеуге риза екендігі атап өтілді. Біздің облыста мұндай жұмыстар басқа ешбір жерде жүргізілген жоқ деп айтуға болады, бірде-бір кәсіпорын әлеуметтік қолдауға осынша қаржы салмайды.
– Шатыр, құбырлар, жертөледегі жарық – бәрі тиянақты істелген, – деп бөлісті үйлердің бірінің тұрғыны Гүлбарам Қуанышбаева. – Қазір үйлеріміз жылы, жайлы. Қазандықты іске қосты, кіреберіске орындық қойып, гүлзарларды қоршады, саяжол дәл үйдің жанында. Компанияға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, дән ризамыз.
Мердігерлер өте қиын жағдайда биік қонышты резеңке етік, респиратор киіп жұмыс істеуге мәжбүр болды. Су басу жағдайында жарықты қосу мүмкін болмады, тасымалданатын шамдарды қоюға тура келді. Бірақ жұмыла көтеріп, күш біріктіріп, жұмыстар межеленген уақытта аяқталды. Алғыс ретінде көпқабатты үйлердің тұрғындары күрделі жұмыстар жүргізген құрылысшыларға өз ықыластарын білдірді. Үйлердің жалпы жиналыстарында компанияның логотиптері бар торттар мен алғыс хаттарды салтанатты түрде табыстады. «Біз 13-ші жалақы алған сияқтымыз!» – деді жұмысшылар жауап ретінде.
– Мердігерлерге жедел және сапалы жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Дегенмен «Казцинк» пен Жәйрем кен байыту комбинатының көмегінсіз ештеңе болмас еді. Тұрғындардың өз күштерімен жөндеуді жүргізе алмасы анық, – деп бөлісті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы, «Болашак Строй Компани» ЖШС директоры Асқарәли Омаров. – Кейбіреулер пәтерлерін тастап, туыстарының үйлеріне кетті, өйткені мұндай жағдайда өмір сүру мүмкін болмады. Бірақ қазір бәрі басқаша. Адамдар қайтып келіп, пәтерлерде жөндеу жұмыстарын бастады.
Жалпы, «Казцинк» Жәйремнің әлеуметтік жобаларына 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Тұрғындардың айтуынша, кентте компанияның толыққанды қамқорлығын сезінбеген бір де бір инфрақұрылым объектісі қалмаған екен.

Алена ЕРМОЛАЕВА
Фотоларды Г. Наурызбаева ұсынды.