Түлектер ұшар күн таяу

Енді бірер күннен соң өңірдегі барлық мектептерде кезекті оқу жылы аяқталып, тағы бір толқын алтын ұя мектептерінен түлеп ұшады. Біз қалалық білім бөліміне қоңырау шалып, қанша баланың мектеп бітіргелі тұрғанын және олардың алда қандай сынақтардан өтетінін сұрап білген едік.

Қалалық білім бөлімі оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Аманкүл Әбдішеваның айтуынша, оқу ошақтарынан биыл 414 оқушы түлеп ұшқалы тұр. Олардың 148-і 11-сыныпты бітіретіндер болса, 266-сы 9-сыныпты бітіретін оқушылар. 11-сынып бітіретін түлектердің 131-і қазақтілді сынып оқушылары.

Қала бойынша 7 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне, 10 түлек – «Үздік аттестатқа» үміткер. Сондай-ақ, 9 сыныпты тәмамдағалы тұрған оқушылардың 205-і қазақ сыныбында оқитындар. Мектеп бойынша «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» үміткердің басым көпшілігі осы қазақтілді сыныптардың үлесінде.

– Биылғы оқу жылы әдеттегідей 25 мамырда аяқталады. Бұдан әрі оқушыларды қорытынды аттестациялау жүргізіледі. Оның мерзімдері де ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілді. Атап айтар болсақ, 9 (10) сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары – 28 мамыр-6 маусым аралығы; 11 (12) сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары – 27 мамыр-10 маусым аралығы болып белгіленді, – дейді Аманкүл Шыныбайқызы.

Ол сондай-ақ, өңірдегі білім беру ошақтарында жазғы мектептердің де кестеге сай жұмыс істейтінін айтып өтті.

Мамырдың 26-сы мен маусымның 7-сі аралығында Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі мектептерде «Жазғы мектеп» жұмыс істейтін болады. Қаражал қаласындағы №1 мектептің базасында №3 және №7 мектептің оқушылары бірге оқытылса, №5 және 6 мектептердің оқушылары өздерінің білім беру ошақтарында оқитын болады. Сондай-ақ, Жәйрем кентіндегі №10, 11, 30 мектептерде де оқушылар өз мектептерінде оқиды. «Жазғы мектеп» оқушылардың үлгерімін жетілдіру және пандемия уақытында қалып қойған мектеп бағдарламаларын толықтыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. «Жазғы мектептердегі» сабақ уақыты Қаражал қаласында сағат 8.00- де басталса, Жәйрем кентіндегі оқушылар партаға сағат 9.00-де отырады. Сабақ екі ауысымда оқытылады.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ