Көктемдегі су тасқынына дер кезінде дайындық жасайық

Күн тізбесінде қыстың соңғы айы. Ауа райы күн сайын жылынуда. Алдағы уақытта су тасқынының мезгілі, бұл су деңгейінің оқыс көтеріліп, өзен арнасының толып жағадан шығуымен, гидротехникалық ғимараттардың бұзылуымен ерекшеленеді. Ал бұның арты елді мекендерді су басып, шаруашылық нысандары мен тұрғындарға едәуір материалдық шығын келтіреді.

Қала аумағында су тасқыны әртүрлі жағдайда өтеді. Барлығы ауа райына байланысты болады: су тасқыны жай өтуі мүмкін. Кейде бақытсыздық жағдайға әкелуі мүмкін екені де анық. Су апатымен күресуде адамдарда біршама тәжірибе жиналды. Алайда, көктемгі су тасқыны кезінде ең қарапайым қауіпсіздік ережелерді орындамағандықтан адамдардың біразы бақытсыздық жағдайға және материалдық шығынға ұшырайды.

Тұрғын үйлерді, өндірістер, мәдени-тұрмыс нысандар, автожолдар, басқа да инженерлік ғимараттарды су басуда және адам өліміне жол бермеуде, олардың бетін қайтару мақсатында ауыл тұрғындары, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер басшылары және тұрғындар су тасқынына қарсы біраз шараларды орындауға міндетті. Ең бастысы:

– қардың көп жиналған жерлерден қарды, арналар мен су ағатын жүйелерді тазартып, су жіберетін құрылғылар мен механизмдерді жөндеу;

– су басу учаскелерінде топан су ағысын тоқтаусыз өткізуді ұйымдастыру;

– су тасқыны кезінде негізгі қамтамасыз ету базаларынан бөлініп қалуы мүмкін елді мекендер мен шаруа қожалықтары қыстақтарда артық тамақпен, жем-шөппен, жанаржағар маймен қамтамасыз етілуі керек.

Егер келесі қауіпсіздік ережелерін ұстансаңыз су тасқынының зардаптарын азайтуға болады:

– бақытсыздық жағдай болмас үшін белгіленбеген және таныс емес орындардағы ағын суларды көлікпен немесе атпен кешіп өтуге тиым салынады, мұз үстімен өзенді, арналарды және басқа да су қоймаларын кесіп өтпеңіз және жүрмеңіз;

– өзен, котлован, терең орлар мен шұңқырлардың жанында балалардың ойнауына тиым салыңыз;

– осы кезеңде су арнасының толық түскеніне дейін балықшыларға балық аулауға болмайды;

– көктемгі қардың тез еруі, қолайсыз ауа райының ұзақ созылуы, мұз еріп қозғалған мезгілде өзеннің аласа жағасында тоқтамау керек;

– оқыс су тасқыны кезінде тұрған жерден тез кетіп жердің неғұрлым биік бедерлі жеріне жету керек;

– су қоймалары тоғандарға жақын және өзендер арасына орналасқан сая жайларға баруды шектеу қажет; – өзендер, арналар, терең және енді орлар мен шұңқырлардың үстінен өтетін құбырлар мен құрылғылардың бойымен өтпеңіз;

– құрғақ жерден бөлініп қалмас үшін өзен ортасындағы жартылай аралдарға кірмеңіз.

 

Құрметті қала тұрғындары!

Қаражал қаласы Төтенше жағдайлар бөлімі ескертеді! Көктемгі су тасқыны кезеңінің алдын алу барысында Сіздерден тұрғын үйлеріңіздің, жеке кәсіппен айналасып отырған сауда нысандарыңыздың ауласындағы қарды арнайы орындарға тасуға, су ағатын арықтар мен су жүретін жолдардың алдын аршу жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеміз. Сіздің қауіпсіздігіңіз және өз тұрғын үйлеріңіз бен мүліктеріңіздің қауіпсіздігі өз қолыңызда екенін есте сақтаңыз!

Егер сіз көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізгіңіз келсе, онда қазірден бастап қажетті шараларды қабылдаңыз.

Қаражал қаласы ТЖ бөлімі.