Ана бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең қасиетті адам. Оның алақаны тікенді жұмсартып, асауды жуасытар қасиетке ие. Жүрегінің кеңдігі сондай, өз баласына ғана емес әлемнің баласына орын бар. Өйткені, ана мен бала бір-бірі үшін жаралған қос сөздегі бір ұғым.
Әлемнің бар асылын, бар ғаламатын сыйласақ та, ана алдындағы қарызымыз өтелмес. Ана – жанымыздың бір бөлшегі іспетті. Қиналғанда, қуанғанда есімізге ең алдымен абзал ана түседі. Жат жерге барып, бүтін бір әулеттің келініне айналып, алысты жақындатып, жақынды біріктіретін де сол үйіңде жүрген ақжаулықты асыл анаң. Күнделікті күйбең тіршілігі мен бала тәрбиесіне мән беріп, одан бөлек мемлекеттің де, өз кәсібін де дөңгелетіп жүретін қасиеттеріне кейде ер адамдар тәнті болып жататынын да естіп жатамыз. Әкеңіздің қабағын бағып, үйдің берекесі болып отырған ананың адамзат үшін алаңдап отыратыны тағы бар. Олар үйдің ғана емес, түздің де адамы. Қандай жұмыс, қандай қиындық болсын көтеруге дайын. Өйткені, олардың жанын, нәзік жүрегін берік етіп жаратқан. Ол – рас. Қазіргі заманауи уақытта жұмыс жасамайтын әйел затын көрсек таңғаламыз. Тіпті, бала күтімімен отырған әйелдер қауымы қызметтен қалыс қалмай, өз кәсібін адал еңбекпен дөңгелетіп отыр. Осындай аналар қазыналы өңірімізде де халыққа адал қызмет етуде.
Өткен аптада Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ ұйымдастыруымен дәстүрлі «Ару ғұмыр-2024» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Қаланың ауқымды іс-шаралары қатарында ерекше орны бар, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленген бұл байқауға биыл 5 жыл толып отыр. «Ару ғұмырдың» алғашқы мерейтойының шымылдығы «Ақынның сөзі – халықтың сөзі» демекші, Жүрсін Ерманның «Әйел» өлеңімен әдемі ашылды.
Жалпы конкурс комиссиясына 40-тан астам өтінім келіп түскен екен. Қаражал қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия келіп түскен құжаттарды қарап, қорытындысын шығарды. Нәтижесінде әр салада елеулі табыстарға қол жеткізген өңіріміздің үздік әйелдері марапатқа ие болды. Ең алдымен, марапаттау рәсімін «Асыл ана-2024» номинациясынан бастау алды. Бұл номинациямен үздік отбасылық дәстүрлерді сақтап және дамыта білген, қоғамда отбасы мәртебесін арттыруға ықпал еткен әйел-аналар марапатқа ие болды. Жеңімпазды марапаттау үшін сахна төріне шығып, Қаражал қаласының қоғамдық кеңес төрағасы Арынғазы Тәкібаев «Асыл ана-2024» номинациясын Гүлнәр Сағынтаеваға табыстады. Гүлнар Сапарқызы – алты бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері. Гүлнар Сапарқызы үлгілі ана болып қана қоймай, жылдар бойы қалалық «Мансап» орталығын басқарып, халыққа аянбай қызмет етуде.
Келесі кезекте ұлағатты ұстаздарды марапаттайтын «Білім нұры-2024» номинациясын Қаражал қаласының тау-кен техникалық колледжінің директоры Данияр Дыбысов Үміткүл Ташаеваға табыстады. Үміткүл Еркінқызы — Жәйрем кентінің №10 жалпы білім беретін мектебінде тәрбие ісінің меңгерушісі және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Білім беру саласында 32 жыл жұмыс жасап келе жатқан ұстаздың шәкірттері биік жетістіктерге жеткен.
Келесі мамандық иелеріне келсек, олар өздеріне халыққа қызмет етудің қиын жолын таңдап, өмірдегі ең қымбатты – денсаулық пен өмірге деген үмітті береді. Бұл, әрине, медицина қызметкерлері. Дүниеде одан асыл, одан қиын жұмыс жоқ екенін баршамыз әлдеқайда мойындап қойғанбыз. Медицина саласының қызметкерлеріне арналған «Шипалы алақан-2024» номинациясының жеңімпазын марапаттау мәртебесі Қаражал қалалық орталық ауруханасының директоры Асан Кабуловқа бұйырды. Сонымен, жеңімпаз — Қарлығаш Абдрахманқызы Қарабекова Жәйрем кенті ауруханасында лаборант болып қызмет атқарады. Қарлығаш Абдрахманқызы 28 жыл еңбек жолын медицина саласына арнаған. Бүгінде ол үш баланы өсіріп тәрбиелеген аяулы ана, адал қызметкер ретінде үлкен сый-құрметке ие.
Әйел – адам өмірінің қай саласында болмасын үлесін қосуда. Өндіріс саласы ер адамның қызметі десеңіздер, қателесесіздер. «Өндіріс саласының үздігі-2024» номинациясын «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Өркен Атасу» өкілдігінің бас инженері Ерлан Мақаев Дәрігүл Шаданбаеваға табыстады. Дәрігүл Қаласқызы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, Полиметалл байыту фабрикасында конвейер машинисі болып жұмыс істейді. Ол өзінің 36 жыл еңбек жолын осы өндіріс саласына арнап, аймақтың дамуына өз үлесін қосуда.
«Іскер әйел-2024» номинациясын Қаражал қаласының Қорғаныс Істер бөлімінің бастығы Арман Мақажанов Әсем Ерденоваға тапсырды. Әсем Қабдумуталаққызы Қаражал қаласы әкімінің аппаратында 2004 жылдан бері қызмет атқарып, мемлекеттік қызмет арқылы халыққа қызмет етуді өмірінің негізіне айналдырған жан. Әсем отбасында адал жар, аяулы ана бола отырып, қаланың қоғамдық саяси өміріне белсене атсалысуда.
Әр әйелдің жұлдыз екені сөзсіз. Алайда мәдениет саласындағы жұлдыздар бір төбе. Расында мәдениет – сіз бен біз, ол – барлық ұрпақтың байланысы, ол – халықтық дәстүр, ол – өнерге, туған жерге, халқына деген сүйіспеншілікке негізделген рухани асқақ және рухани дүние. «Мәдениет жұлдызы-2024» номинациясын Қаражал қалалық жедел-құтқару жасағының командирі Ержан Оспанов Тлеухор Байшукеноваға табыстады. Тлеухор Жанжұманқызы өмірін мәдениетпен тығыз байланыстырған өнерлі тұлға. Еңбек жолында мәдени-сауық орталығында көркемдік жетекші, мәдени-сауық орталығының директоры болып нәтижелі қызмет атқара білген Тілеухор ханым бүгінде қалалық орталық кітапханалар жүйесінде директор болып қызмет атқаруда. Ол қай істе болмасын шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында тың идеяларға толы жобаларды жүзеге асыра білетін өз кәсібінің нағыз маманы.
Халыққа тікелей қызмет көрсету саласында аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандылар біздің аймағымызда аз емес. «Адал қызмет-2024» номинациясын Қаражал қаласы әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Еркін Тәкібаев анықтап, нәтижесінде Бақыт Маминаға ұсынды. Бақыт Ібратайқызы қалалық білім бөлімінде қызмет атқарады. Ол жылдар бойы мұғалімдік қызмет атқарып, айтулы жетістіктерге жетіп, бүгінде атқарып жатқан қызметінде де осы білім беру саласын дамытуға өз үлесін қосуда.
Арамызда өңір өмірінің әр саласына белсене араласып жүрген іңкәр жандар бар. Олар шаршауды білмейтін, кез келген мұқтажға қолын созуға әрдайым дайын. Белсенді азаматтық ұстанымы бар әйелдердің көбісі волонтер екені сөзсіз. Әлбетте мейірімділік, қамқорлық әйел затына тән. Әлеуметтік жобаларға қатысушылардың имиджін ерікті түрде қалыптастыратын да әйелдер.
«Ел жанашыры-2024» номинациясын Қаражал қалалық мәслихатының бөлім басшысы Жанат Сатанов Динара Байтасоваға табыстады. Динара Оразбайқызы – жеке кәсіпкер, Қаражал қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, №1 жалпы білім беретін мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Ол қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, әртүрлі қайырымдылық шараларды ұйымдастырады. Жолдасымен бірге кәсібін өрге дөңгелетіп отырған Динара ханым қайырымдылық жасауды өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған.
Ал келесі ретте, «Спорт леди-2024» номинациясы Ақбота Абеноваға бұйырыпты. Номинация жеңімпазын Атамекен Кәсіпкерлер палатасының басшысы Ерсін Нүркен марапаттады. Ақбота Оспанқызы — Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі дзюдо балалар-жасөспірімдер метебінің жаттықтырушы-оқытушысы. Ол жасөспірім қыздарды дзюдо күресіне тартып, салауатты өмір салтына баулуда. Бүгінде Ақбота Оспанқызының шәкірттері республикалық және облыстық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуде.
«Тыныштық сақшысы-2024» номинациясын Қаражал қаласы әкімдігінің мемлекеттік құқықтық құжаттар бөлімінің басшысы Мергенбай Сембек Малика Сақыповаға табыстады. Малика Кәрімбергенқызы Қаражал қаласының полиция бөлімінің полиция капитаны, ішкі істер қызметінде 2017 жылдан бастап жұмыс атқарады.
Кәсіпкер нәзікжандылар жайлы жиі еститініміз сонша, олардың өз істерін ашу арқылы ғана емес, мүлде басқа салаға ауысу арқылы өз өмірін өзгертуге батылдық танытатынына да еш күмән жоқ. Бұл әйелдердің көбі бала күтімі бойынша демалыстарында бизнесті бастап, жоғары лауазымдарын тастап, нөлден жаңа салаға енеді. Бұл нағыз күшті және батыл әйелдер. «Бизнес вумэн-2024» номинациясына лайықты иегері де табылды. Қаражал қалалық мәдени-сауық орталығының директоры Азамат Қадірсізов Мадина Жиренбаеваға аталмыш номинацияны табыстады. Мадина Дәулетқызы – жеке кәсіпкер. Қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, көпбалалы ана. Ол бүгінде кәсібін жетілдіріп, балаларды оқыту орталығын ашып отыр. Кәсібін дамыта отырып, қоғамдық саяси өмірге белсене атсалысып, қайырымдылықпен айналысады. Барша жеңімпаздарға «Ару ғұмыр-2024» конкурсының статуэткасы мен бағалы сыйлықтары тарту етілді.
Аналарымыздың, аруларымыздың қоғамның әртүрлі саласына қосып жүрген үлесін халыққа танытатын дәл осындай маңызды шара жыл сайын жалғасын таба берсе екен! Жандана берсе екен деген тілек қана бізде…
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ