Ару аналарға арналған мастер-класс

Жәйрем кентінде Жәйрем КБК кәсіподақ ұйымының бастамасымен аспаздық мастер-класс өткізілді. Оған ерекше балаларды өсіріп отырған 20 ана қатысты. Мастер-класты аспаз маман, көпбалалы ана Гүлжазира Смаилова жүргізді. Жәйрем кен байыту комбинатында жұмыс істейтін жан жары Елдос Смаиловпен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр, олардың бірі – ерекше қажеттілігі бар бала.

Кәсіби маманның басшылығымен мастер-класта аналарға 5 түрлі торт, әралуан пицца мен құймақтың түрлерін дайындау ұсынылды. Тілеулес жандардың ақжарқын ортасында аналарымыз тәтті-дәмділерді дайындаудың құпияларын үйреніп қана қоймай, өзара емін-еркін әңгіме өрбітті. Олардың барлығын біріктіретін ортақ мәселелері, өзекті сұрақтары мен жауаптары бар. Тәжірибе алмасып, ақпараттарымен бөлісті. Балаларды қайда және қалай емдеу керек, клиника мен дәрігерді қалай таңдау қажет, оларды дамытудың озық тәсілдері, қандай спорт жаттығуларына қатысу керек және тағы да басқа ақпараттарды бір-біріне айтып берді.

Гауһар Наурызбаева, Жәйрем КБК кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары:

– 2022 жылды ел Президенті Балалар жылы деп жариялады. 1 маусымда сонымен қатар, Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтілді. Осыған орай, арнайы осы іс-шараны ұйымдастырдық. Ерекше балаларды бағып-қағып отырған аналарымызға көп пайдасын тигізді деп үміттенеміз. Күнделікті күйбең тірліктен қол үзіп, демалып және өздеріне тың ақпараттар алды.

Шараға қатысқан әйелдер қауымы өмірлерін балаларына арнаған аналарды ұмытпай, үнемі көмек қолын созатын компания мен кәсіподаққа алғыстарын білдірді. Олардың көбі комбинатта еңбек еткен, бірақ ерекше күтімді қажет ететін балаға қарау керек болған соң, қазір үй шаруасымен айналысады. Шараның соңында қатысушыларға аспаздық курсты өткені жайлы сертификат, сонымен қатар, балаларының аты кестеленіп жазылған, қолдан жасалған атаулы жастықтар табысталды.

Алена ЕРМОЛАЕВА