Қаражалда жаңа мектеп салынады

«Үкімет Ұлытау өңірінде жаңа мектеп салу үшін қайтарылған активтерден 1,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді» деген жағымды жаңалық елді бір серпілтіп тастады. Әсіресе, Қаражал өңірінің жұртшылығы бұл жаңалыққа бөріктерін аспанға ата қуанды.

Өйткені, жаңа мектеп қазыналы өңірдің «Вокзал» шағын ауданында салынады. «Бүгінде шағын ауданда тұратын балалардың басым бөлігі қаланың басқа аудандарындағы мектептерде білім алуда. Олар екі ауысымда автобуспен тасымалданады. Жаңа білім ошағының құрылысы балаларды заман талабына сай оқытуға қолайлы жағдай жасап, білім алуға қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік береді», делінген жоғарыдан келген ақпаратта.
Біз осы жаңалыққа орай Қаражал қалалық білім бөлімінің басшысы Тілеш Аштаевқа хабарласқан едік.
– Шағын аудан тұрғындарымен бірге біз де бұл мәселені көп жылдан бері көтеріп келеміз. Соның нәтижесінде жаңа мектеп салынатын болды. Жалпы, «Вокзал» шағын ауданындағы мектеп бұрын негізгі мектеп ретінде ашылған еді. Кейін ол бастауыш мектеп қана болып қалды. Шағын ауданда барлығы 236 бала бар. Оның бастауыш сыныптарда оқитындарынан басқа 113-і Қаражал қаласына қатынап оқиды. Шағын ауданның қаладан 12 шақырым қашықтықта орналасқанын ескерсек, бұл балалар үшін де, олардың ата-аналары үшін де маңызды мәселеге айналып отыр, – дейді Тілеш Бейсенбайұлы.
Міне, осы мәселе енді шешімін табатын болды. Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық мектеп салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ