Аналарға құрмет көрсетілді

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы өңіріміздің өркендеуі мен ұрпақ тәрбиелеуде еселі еңбек етіп, кейінгілерге өнегелі із қалдырған аналар мен ақ жаулықты әжелерді қабылдады. Оған өңіріміздің әр аймағынан лайықтылар қатысты.

Әйел – ана, әйел – еңбеккер, әйел – қоғам қайраткері. Бүгінде қоғамның кез келген саласын нәзік жандыларсыз елестете алмайсың. Тіпті, кәсіпкерлік саласында да әйелдердің үлесі басым ба деп қаласың. Мұны облыс әкімінің мерекелік салтанатта сөйлеген сөзінен де аңғару қиын емес.
– Білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, өндіріс, кәсіпкерлік, құқық қорғау, тағы басқа салаларда да нәзік жандылардың жетістікті жолына куә болып отырмыз. Бүгінгі кездесуге де әр салада айтарлықтай жетістікке жеткен, ортасына сыйлы, қоғамда беделді апа, қарындастарымыз қатысып отыр. Сіздерді жеке өз атымнан, облыс әкімдігі атынан Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деген Берік Әбдіғалиұлы өз лебізін жеткізді.
Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде облыс халқының 51 пайызын (110 800 адам) әйелдер құрайды. Нәзік жандылардың облысымыздың басқару жүйесінде де өзіндік орны бар. Облыстық мәслихатта 8 әйел депутат мандатына ие. 20 облыстық басқарманың 3-еуін әйелдер басқарса, 4 келіншек басқарма басшысының орынбасары болып қызмет етуде.
Мерекелік салтанат соңында облыс әкімі өңіріміздің өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген нәзік жандылардың әрқайсысына 150 000 теңгенің сертификатын, гүл шоқтары мен құттықтау хат табыстады.
Аналар мерекесіне арналған шара бұдан әрі Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде жалғасын тапты. Мұнда да жиналғандарды облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы құттықтап, еңбек пен қоғамдық жұмыстарда өзіндік өрнегімен танылған қыз-келіншектерге сый-сияпат жасады. «Жезқазған бизнес және көлік колледжі» директоры С. Жумкинаға, Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Р.Ыдырысоваға, 20 миллионыншы сәби анасы Л. Оспановаға, Ә. Молдашеваға, «Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС цех диспетчері С. Жетімековаға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті.
Салтанатты жиын жергілікті өнерпаздардың және қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Ғаділбек Жанай мен «Ағайындылар» тобы әншілерінің қатысуымен болған мерекелік концертпен түйінделді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ