«Жетістіктер жетерлік, жоспар да ауқымды»

Бүгін еліміздің мәдениет және өнер саласының қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Осынау мәртебелі мамандық иелерінің атқарар жұмысы да, көрсетер нәтижесі де, халыққа ұсынар жаңалығы да мол. Олар елдің мәдениет және өнер саласындағы жауһарлар дүниелерден рухани сусындауы жолында жүйелі жұмыс жүргізіп, ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Оны осы салаға жауапты мемлекеттік мекеменің басшысы Гүлнұр Сатановамен болған әңгімеден айқын аңғаруға болады.

– Мереке құтты болсын, Гүлнұр Рахымжанқызы.

– Рақмет. Мәдениет пен өнер – елге ортақ дүние. «Ел іші – өнер кеніші» деген тәмсіл бекер қалыптаспаған ғой. Бүгінде елге танымал өнер тарландарының бәрі сол елдің ішінен шыққан. Біздің жұмыс – соны үйлестіру ғана.

– Жөн екен. Ал онда сол үйлестірген істеріңіздің елге үлгі етерлігін саралап шықсаңыз. Жалпы өткен жылды қалай қорытындыладыңыздар?

– Өңірдегі мәдениет саласының жұмысы кең әрі ауқымды. Мәдени-сауық орталықтарының үйірмелері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда жетістігіміз жетерлік. Алдағы жұмыс одан да ауқымды. Оңтайлы сәтті пайдаланып, былтырғы жылдың басты жетістіктерінен саралап өтейін.

Өздеріңізге мәлім, өткен жыл мерекелі де берекелі жыл болды. Еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтті. Елді екі жылы бойы қыспаққа алған пандемия құрсауынан құтылдық. Содан бері де онлайнмен «шегенделіп» қалған өнер иелері қанатын кең жайып, құлашын алысқа сермеді. Басты мереке – Тәуелсіздік мерейтойына орайластырып өткізген шараларымыз бір төбе. Бұған қаладағы клубтық құрылымдар өнерлі өрендерден бастап, өңірдегі өнерді серік еткендердің басын қосып, айшықты тақырыптық кештер мен ауқымды бағдарламалар өткізді. Республика, облыс көлемінде өткізілген осындай іс-шараларға да белсене қатысып, биік белестерді бағындырдық.

Өткен жылғы тағылымды шараның бірі облыстық «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті-2021» этнофестивалі болды. Бұған мәдени-сауық орталықтары мен қала мекемелерінің қызметкерлері белсене қатысты. Ұлттық нақышпен безендірілген екі киіз үй қаладағы жасыл алаңға тігілді. Бір киіз үй қазақтың ұлттық дастарханына арналса, екіншісі ұлттық қолөнер жәдігерлерімен жабдықталды. Қазан-ошақ қойылып, алтыбақан құрылды. Фестиваль аясында театрландырылған қойылым көрсетіліп, қыз бен жігіт айтысы өтті. Текемет басу дәстүрі көрсетілді. Киіз үйде «Қымызмұрындық» салты бейнеленді. Жалпы, бұл фестиваль көрерменді ұлттық мұралармен сусындатты. Рухани жаңғыртты.

– «Рухани жаңғыртты» деп қалдыңыз ғой, осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде қандай мәдени шаралар жүзеге асырылды?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыру аясында өңірдің мәдени-демалыс орталықтарына арналған жоспар бекітілді. Соған сәйкес, түрлі тақырыптық іс-шаралар өткізілді. Мәселен, «Әсия апаның құрақ көрпелері» тақырыбымен өткен онлайн таныстырылым ұлттық қолөнер түрлерін насихаттауға арналды. Жалпы, 2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында көптеген байқаулар мен танымдық кештер, шығармашылық өнер сайыстары өткізілді. Соның бірі – «Дәстүр мен мәріп» жобасы. Осы жоба арқылы біз қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық қолөнерін жаңғыртып, оларды жас ұрпаққа қолдан келгенінше насихаттай алдық.

 – Этномәдени орталықтармен жұмыс қалай жүргізілуде?

– Бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Негізі өңірде өткізілетін кез-келген мәдени-көпшілік жұмыстарға этномәдени орталықтар кеңінен тартылады. Ал, 22 Наурыз, 1 Мамыр, Тәуелсіздік күні сияқты мерекелерде олар аса белсенділік танытады. Жалпы, этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл, халық дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен мерекелерін жаңғырту және дамыту бойынша ауқымды шаралар атқарылуда. Қаражал қаласында онлайн режимде түрлі ұлт өкілдерін құттықтау челленджі ұйымдастырылды. Алғыс айту күніне орай «Рахмет саған – Туған ел» іс-шарасы өткізілді . Ал, Жәйремде онлайн режимде түрлі ұлттардың өзіне тән ерекшеліктерін зерттеу челленджі өткізілді. «Менің туған еліме мың алғыс!» тақырыбында түрлі ұлт өкілдерінің шығармашылық челленджі жарияланды.

 – Соңғы сауал, мәдениет және өнер ошақтарының материалдық-техникалық базасы қандай деңгейде? Жаңғырту, жаңарту жұмыстары жүріп жатыр ма?

– Әрине, онсыз болмайды ғой. Мәдениет және өнер мекемелеріне жыл сайын ағымдағы жөндеулер жүргізіліп келеді. Биыл да ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілетін болады.

– Төл мерекені қалай атап өткелі отырсыздар?

– Әдеттегідей, айшықты мәдени шаралар өтетін болады. Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің үздіктері марапатталады. Жалпы, елге қызық пен қуаныш сыйлап жүрген өнерлі жандар өз еңбектерінің әділ бағасын алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.