Қаланың даму жоспары талқыланды

Кез келген қала, өңір өздігінен дамып, өздігінен көркеймейді. Оған сол жерде жұмыс істейтін ірілі-ұсақты өндіріс орындары мен шағын және орта бизнес саласының ықпалы тікелей әсер етеді. Қаражал-Жәйрем өңірінің дамуы да сол аймақтағы қала құрушы кәсіпорындарға тәуелді.

Міне, осы орайда, Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов өңірдегі өндіріс басшыларымен жиі жүздесіп, өңірге қатысты алда атқарылатын жұмыстарды бірлесе пысықтауды әдетке айналдырған. Жуырда сондай мақсаттағы жиын болып өтті. Бұл жолы шаһар басшысы қала құраушы кәсіпорын «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Өркен-Атасу» өкілдігі басшылығымен тағы да кездесіп, 2024 жылға арналған қаланың даму жоспарын талқылады.
«Өркен» ЖШС бас директоры Махмұт Мұстафиннің өңірге жасаған жұмыс сапарын сәтті пайдаланған Айқын Қылышұлы кездесуде өңірге қажетті өзекті мәселелерді алға тартты. Кездесуге сондай-ақ, «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігінің басшысы Марат Бакенов те қатысты.
Кездесу барысында меморандум жобасы талқыланды. Әлеуметтік әріптестік туралы шарт қаланың көпжылдық мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін жобаларды көздейді. ЖШС басшылығы ондағы аталған жобаларды қарауға және оны қысқа мерзімде іске асыруға дайын екендігін жеткізді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ