Қаражал қаласының заңдылықтар мен құқықты қорғау жəне қоғамдық тəртіпті қамтамасыз ету органдарына жаңа басшылар келді. Нақтылай түссек, қала прокуроры лауазымына Дархан Хасенов, ал қалалық полиция бөлімінің бастығы қызметіне Болат Рыспеков тағайындалды. Жаңа лауазым иелерін қала активіне таныстыру рəсіміне Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Талғат Мұқашев пен қала əкімі Тілектес Досаев қатысты.
ҚР Бас прокурорының бұйрығымен 2022 жылғы 18 ақпаннан бастап Қаражал қаласының прокуроры қызметіне тағайындалған Дархан Қанатұлы Хасенов 1985 жылы Қарқаралы ауданы, Қарқаралы қаласында туған. 2010 жылдан 2017 жылдың ақпанына дейін ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика жəне арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасында түрлі лауазымдарда болған. 2017-2021 жылдары Қарағанды облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасында əртүрлі қызметтер атқарған, соның ішінде, Қарағанды облысы прокурорының көмекшісі жəне Қарағанды облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет еткен. Одан кейін Бұқар жырау ауданы прокурорының орынбасары болған.
Жаңа тағайындауға дейін Қарағанды қаласының Əлихан Бөкейхан ауданы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
— Дархан Қанатұлы – тəжірибелі, іскер басшылардың бірі. Өзі басқарған мекемелерде заңдардың орындалуын қадағалаушы ретінде ғана емес, сол заңдар талаптарының тұрғындардың күнделікті тірлігінде қолайлы жағынан іске асуына мүмкіндіктер туғызды. Облыс аумағында бірнеше жыл бойы осы саладағы қызметті абыроймен атқарған азаматқа алғыс айтып, алдағы қызметіне сəттілік тілеймін, – деді жиындағы өз сөзінде Талғат Мұқашев.
Қаражал қалалық полиция бөлімінің жаңа бастығы, подполковник Болат Амангелдіұлы Рыспеков 1980 жылы Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында дүниеге келген. 2001 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі академиясын заңгер мамандығы бойынша тəмамдаған. Саладағы еңбек жолын сол жылы Жезқазған қаласы ішкі істер басқармасы Сəтбаев қаласының полиция бөлімінде тергеуші болып бастаған. 2012-2017 жылдары Сəтбаев қаласы ішкі істер бөлімі криминалдық полиция бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Тағайындалғанға дейін, яғни, 2018- 2022 жылдары Приозерск қалалық полиция бөлімінің басшысы лауазымында болған.
Жиын соңында қала əкімі Тілектес Досаев жаңа лауазым иелерінің өндірісті өңірдің тыныштығы мен қала тұрғындарының қауіпсіздігін кəсіби тұрғыда қамтамасыз етеріне сенім білдіріп, қызметтеріне сəттілік тіледі.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.