Жәйрем кентінің дамуына бағытталған көптеген ірі әлеуметтік маңызды жобалар «Казцинк» компаниясы, Ұлытау облысының әкімдігі және «Жәйрем дамуы» корпоративтік қоры арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда. Солардың бірі – мәдени-сауық орталығына қолдау көрсету.
Жасалған меморандумға сәйкес компания Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығына 2016 жылдан бері көмектесіп келеді. Бір кездері ол оны жабылып қалудан құтқарды, өйткені, шұғыл түрде шатырды ауыстыру керек болған еді. Осы бірнеше жыл ішінде мұнда тұтастай жөндеу жұмыстары жүргізілді: үй-жайларды күрделі жөндеу, сыртқы әрлеу, электр сымдары, кәріз желілері, сумен жабдықтау, хореографиялық сыныпты ұйымдастыру, дыбыстық, акустикалық, техникалық жабдықтарды монтаждау – барлық жерде «Казцинк» компаниясы атсалысты.
– Өткен жылы біз спорттық және хореографиялық үй-жайларды жөндедік, киім ауыстыратын бөлмелерді ретке келтірдік, – дейді Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының директоры Ақмарал Иманбекова. – Осыдан бес жыл бұрын спорт залдарына төрт-бес адам ғана келетін, қазіргі уақытта спорт әуесқойларының қатары толығып келеді. Әрине, мұның бәрі жабдықталудың арқасында. Осы бес жыл ішінде «Казцинк» компаниясы түрлі заманауи спорт құралдарын сатып алды. Қазір спортқа құмар жастардың саны күн сайын артуда, бұл әрине, қуантпай қоймайды. Биыл біз ер азаматтарға арналған жаттығу залына тағы бір бөлме бөлдік. Нәзік жанды аруларымыз үшін кең және жабдықталған бөлме бар, онда олар фитнеспен айналысады. Балаларға, қыздар мен ұлдарға деп жекелеген көптеген спорт секциялары бар. Ал жас санаттары бойынша бөлінген хореографиялық топтарда бүлдіршіндер 3 жастан бастап айналысады. Бүгінгі таңда әншілер, музыканттар үшін барлық жағдайлар жасалған, біз оларға өз сахнамызды береміз, жабдықтарды жаңартып тұрамыз. Осы жылдан бастап дыбыс жазу студиясы жұмыс істейді.
Жақында мердігерлер ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ, іргелес аумақты абаттандыруды аяқтауы тиіс. Жазғы сахнаның жанында көрермендерге арналған стационарлық орындықтар орнатуды жоспарлап отыр. Жақында мұнда, мәдени-сауық орталығының жанында, ашық аспан астында Жәйрем тұрғындарының көпшілігі жиналған ауқымды мереке – Балаларды қорғау күні өтті. Мәдени-сауық орталығы өзінің барлық мүмкіндіктерін көрсете алды. 1 маусымда 16-шы рет «Айналайын» түрлі жанрлық фестивалі өтті. Онда балалар өздерінің дарындарын паш етеді: қолданбалы өнер, вокалдық орындау, аспаптарда ойнау, сән көрсетілімі, суреттер көрмесі, асфальтта сурет салу. Барлығы 500-ден астам бала қатысты.
Жыл сайын орталықта «Алтын микрофон» байқауы өткізіледі, оның ұйымдастырылуына Жәйрем кен байыту комбинаты және комбинаттың кәсіподақ комитеті атсалысады. Ал дәстүрлі көп жанрлы «Сарыарқа» фестиваліне Жәйрем кен байыту комбинатының көптеген дарынды және өнерпаз қызметкерлері қатысады. Сахнада жергілікті тұрғындар ғана өнер көрсетпейді: Жәйремге қазақстандық жұлдыздар концерттерімен жиі келеді. Зал әрдайым ықыласты көрерменге лық толады.
– 2023 жылы орталық үшін бюджет қаражатына автобус сатып алынды. Енді шығармашылық топтардың өз көлігі және Жәйремнен тыс жерде өнер көрсету мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, биылғы жылы қалалық бюджеттен қаражат бөлінді, біз балаларды барлық мерекелерде, соның ішінде 1 маусымда, Жаңа жылда, Наурызда қуантатын бойшаң қуыршақтарды сатып алдық. Біз костюмдермен балақайларды құттықтағысы келетін Казцинк еріктілерімен қуана бөлісеміз, әрдайым әкімдікпен де, Жәйрем кен байыту комбинатымен де тығыз жұмыс жасаймыз. Біз оларға көмектесеміз, олар – бізге, – дейді Ақмарал Иманбекова. – Бүгінгі таңда материалдық-техникалық базамыз өте күшті, барлығы адамдардың бойындағы өз өнерін толыққанды дамытуы, бос уақытын қызықты, пайдалы және жақсы көңіл-күймен өткізуі, дәстүрлерді сақтауы және өз тарихын білуі үшін жасалады.
Жеке тоқталып, мақтан етуге тұрарлық жобамыз – өлкетану мұражайы. Әзірге ол әлі шағын және тарихи бұрышқа ұқсайды. Жәйремде бұрын өз мұражайы болмаған еді. Бірнеше жыл бұрын компанияның көмегімен пайда болды. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Жәйрем кен байыту комбинатының тұңғыш бас директорының қызы Гаухар Асатова болашақ өлкетану музейіне бірнеше жәдігерлерді табыстады.
– Алғашқы жәдігерлер – бұл фотосуреттер, құжаттар, өзі қолданған жеке заттары, комбинаттың тұңғыш бас директоры Садық Асатов жайлы ақпарат, – деп бөлісті Ақмарал Иманбекова. – Оны кентіміздің негізін қалаушы деп атайды. Шынында да, ол Жәйремді шексіз сүйді және оның жарқын болашағына кәміл сенді. Гаухар Садыққызы Жәйремде бас директор үшін арнайы жасалынған шахматты бұрынғы қалпына келтіріп, мұражайымызға тарту етті. Садық Асатовтың өзі балалармен жеке айналысып, оларға шахматтың қыр-сырын үйреткен болатын. Біз жәйремдіктердің өз тарихын, туған жерінің тарихын білгенін және бағалағанын қалаймыз. Бұл ретте бізге «Казцинк» үлкен қолдау көрсетіп отыр.
Бүгінде мәдени орталықта маңызды оқиғаға дайындалуда. Директор газет оқырмандарымен үлкен қуанышпен бөлісті. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін вокалды-аспаптық ансамбльдің тұсаукесері өтеді.
– Бізде дарынды өнерпаздар көп, – дейді сеніммен Ақмарал Иманбекова. – 1980 жылдары Жәйрем өзін республикалық деңгейде жарқырата көрсетті. Ол кезде мәдениет үйі енді ғана салынған еді. «Азия дауысы» байқауында біздің музыканттар 1 орынға ие болды. Әрине, құлдырау кезеңінде бәрі күйреп, іске алғысыз күйге түсті. Енді міне, қуанышты жаңалықты жар салатын күн туды. Мен бұл туралы жеті жыл бойы армандадым. Бізде өз жанды музыкамыз болады.
Ақмарал Иманбекова мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Оның үлкен арманы әлі орындалған жоқ. Кеңес заманында мәдениет және спорт орталығы өркендеп тұрған кезде, демалыс күндері онда кино көрсетілетін. Концерт залында арнайы жабдықтар мен экран болды. Күндіз балалар репертуары берілсе, ал кешке залда ересек көрермендер жиналатын. Директордың арманы – кино көрсетілімін қалпына келтіру. Ол жәйремдіктердің белсенді киносүйер қауым болатынына сенімді.
Алена Ермолаева.