Су – тіршіліктің өзегі. Ал оны күнделікті тұрмыста үнемдеп, мақсатты пайдалану – кез келген елді мекен үшін маңызды. Қаражал қаласында бұл мәселенің өзіндік салмағы бар. Бірнеше жылдан бері тұрғындар жиындарда, кездесулерде шаруашылыққа қажетті техникалық су мәселесін көтеріп келеді. Енді көптен айтылған мәселені шешуге бағытталған нақты жұмыс басталды. «Қылыш–Қаражал» бағыты бойынша су құбыры тартылып, су жинайтын резервуарлар мен өзге де нысандар салынуда. Бұл жұмыстар толық аяқталса, қаладағы су жүйесіне қандай өзгеріс келеді?
Қаражалдықтарды толғандыратын ортақ мәселелер аз емес. Солардың бірі – су мәселесі. Әсіресе, жаз айларында ауладағы ағаштарды, көгалдарды, бау-бақшаны суару қажеттілігі туындағанда бұл мәселенің өзектілігі арта түседі. Қаланы көгалдандыру, жасыл желекті күтіп-баптау, жеке аулалардағы бау-бақшаны сақтау үшін де су қажет. Алайда, осындай шаруаларды ауызсу жүйесі арқылы өтеу су ресурстарына қосымша салмақ түсіретіні түсінікті. Сондықтан, Қаражал қаласы үшін шаруашылық мақсаттағы судың жеке жүйесін қалыптастыру – жай ғана кезекті құрылыс жобасы емес, қала тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымдық мәселе.
Көпшіліктің бас ауруына айналған бұл мәселенің қордаланып, жылдар бойы шешімін таппай келгені де рас. Талай жылдан бері тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілдің биыл шешімін тапқандай болуы – қала үшін қуанышты жаңалық. Осы орайда Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізовтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Әрине, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – қала басшысының тікелей міндеті. Дегенмен, жылдар бойы қордаланған, шешуі оңайға соқпайтын мұндай күрделі мәселені жүзеге асыру үшін табандылық пен жүйелі жұмыс қажет. Айқын Қылышұлы да осы жолда талай табалдырықты тоздырып, тиісті орындармен жұмыс жүргізіп, мәселенің оң шешілуіне күш салды. Ең бастысы, көптен бері күткен істің түйіні тарқатылып, қала үшін маңызды қадам жасалды. Ендігі кезекте қолға алынған жұмыстың сәтті жүзеге асып, шаруашылық мақсаттағы су жүйесі тұрғындардың игілігіне қызмет етуі маңызды.
ІСТІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ
Қазір осы мәселені шешуге бағытталған «Қылыш–Қаражал» жобасының алғашқы кезеңі іске асырылуда. Жобаның негізгі су көзі – қаладан 24 шақырымдай жерде орналасқан «Қылыш» су қоймасы. Бұл су қоймасы бұған дейін де Қаражалдың шаруашылық қажеттіліктеріне, оның ішінде көгалдар мен бау-бақшаларды суаруға пайдаланылған. Енді осы су көзін қаламен байланыстыратын жүйе қайта қалпына келтірілмек.
«Қылыш–Қаражал» жобасының учаске бастығы Саян Сейтеновтің айтуынша, жоба аясында арнайы су сору станциясы мен бес резервуар салынған.
– Қаражал қаласын шаруашылық ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде Қылыш–Қаражал бағытында су құбыры тартылуда. Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы су сору станциясы мен бес резервуар салынды. Қазір олар қызыл құммен жабылып жатыр. Осы резервуарларға 5 мың текше метр су жиналып, ол Қаражал қаласына берілетін болады, – дейді Саян Сейтенов.
Қазіргі мәлімет бойынша, 23 шақырым су құбыры төселіп, 51 құдық пен бес резервуар орнатылған. Бұл – көзге көрінетін нақты жұмыс. Бірақ, қала тұрғындары үшін ең маңызды сұрақ: осы құбыр арқылы келген су қаланың қай нүктесіне дейін жетеді және оны тұрғындар нақты қашан пайдалана алады? Бұл сұрақтың жауабы жобаның келесі кезеңдеріне байланысты.
ҚҰБЫР ТӨСЕЛДІ, ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?
Су жүйесін қалпына келтіру бір ғана бағытпен шектелмейді. Жоба үш негізгі кезеңді қамтиды. Біріншісі – «Қылыш–Қаражал» су құбырын салу. Екіншісі – су алу құрылыстарын жасау. Үшіншісі – қала ішіндегі суару желілерін салу.
Бірінші кезеңнің жұмысы жүріп жатыр. Ал су алу құрылыстары мен қалаішілік желілердің жобалары әзірлену үстінде. Бұл жерде мәселенің ең маңызды тұсы бар. Қалаға дейін су құбырын жеткізу – жұмыстың соңғы нүктесі емес. Су көзінен суды алу, оны жинау, қалаға тасымалдау және кейін тұтынушыға жеткізу – бір-бірімен тығыз байланысты жүйе. Сондықтан, жобаның толық нәтижесін көру үшін келесі кезеңдердің де уақытылы іске асуы қажет.
Жобалау аяқталған соң су алу құрылыстары мен қалаішілік желілерді салуға жоғары тұрған бюджеттерден қаржыландыру сұралады.
ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?
Көпшілікті қызықтыратын негізгі мәселе де осы. Жүйе толық іске қосылған жағдайда Қаражал тұрғындары суару қажеттілігіне арналған техникалық сумен қамтамасыз етіледі. Яғни, ауладағы көгалды, бау-бақшаны және басқа да шаруашылық нысандарын суару үшін ауызсуға жүгіну қажеттілігі азаяды. Мұның бірнеше ықтимал нәтижесі бар. Біріншіден, ауызсу жүйесіне түсетін жүктеме азаяды. Екіншіден, техникалық су мен ауызсуды мақсаттарына қарай бөлек пайдалану мүмкіндігі қалыптасады. Үшіншіден, қаладағы көгалдандыру мен жеке аулалардағы бау-бақшаларды суару мәселесі жеңілдейді. Төртіншіден, су ресурсын пайдалану мәдениеті қалыптасып, әр су түрін өз мақсатына қарай пайдалану мүмкіндігі артады.
Әсіресе, жазғы кезеңде бұл жүйенің қажеттілігі айқын сезіледі. Өйткені, ауа райы ыстық болған сайын суға деген сұраныс та артады. Мұндай кезде ауызсуға түсетін қосымша жүктемені азайтудың маңызы ерекше.
ЕҢ БАСТЫСЫ – БАСТАЛҒАН ІС АЯҚТАЛУЫ ТИІС
Қаражалдағы шаруашылық су мәселесі бір күнде пайда болған жоқ. Сондықтан, оның шешімі де бір күнде жүзеге аспайды. Бүгінде жобаның алғашқы кезеңі бойынша жұмыстар атқарылып, 23 шақырым су құбыры төселді, 51 құдық пен бес резервуар орнатылды. Бұл – істің қағаз жүзіндегі жоспардан нақты құрылыс жұмысына өткенін білдіреді.
Дегенмен, тұрғындардың күткені – құбырдың салынуы ғана емес, жұмыс істейтін жүйе. Сондықтан, алдағы кезеңдердегі жобалау, қаржыландыру және құрылыс жұмыстарының жүйелі жалғасуы маңызды. Су алу құрылыстары мен қалаішілік желілер салынбайынша, жаңа инфрақұрылым өзінің толық қуатында жұмыс істей алмайды. Қаражалдықтар үшін бұл жобаның мәні де осында. Тұрғындар үшін су – статистикадағы текше метр емес, күнделікті өмірдің қажеттілігі. Ауладағы талдың жайқалуы, бау-бақшаның өнім беруі, қаланың көгалдандырылуы – бәрінің артында су тұр. Сондықтан, «Қылыш–Қаражал» жобасының нәтижесі тек салынған құбырдың ұзындығымен өлшенбеуі керек. Оның басты көрсеткіші – қала тұрғындарының шаруашылық суға деген қажеттілігі қаншалықты қамтамасыз етілетіні.
Көп жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе бүгін нақты іске ұласты. Ендігі кезекте басталған жұмыстың соңына дейін жеткізіліп, Қаражалдың шаруашылық су жүйесі толыққанды жұмыс істейтін күнді күту қалды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
