Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне мүгедектігі бар азамат байланыс операторының модемін қайтаруға және тауар үшін төленген ақшалай қаражатты өтеуге жәрдем көрсету туралы өтінішпен жүгінді.
Тұтынушы туа біткен есту және сөйлеу қабілетінен айырылғандықтан, Департаментке аудармашының сүйемелдеуімен келген. Азаматтың айтуынша, ол байланыс операторынан модем сатып алған. Алайда құрылғыны мүлдем пайдаланбағанына қарамастан, сатушы тауарды кері қабылдаудан және төленген ақшалай қаражатты қайтарудан бас тартқан. Сатушы өз ұстанымын байланыс құралдарының қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайтаруға жатпайтынымен түсіндірген.
Тұтынушының түсіндіруінше, егер модем оның тұрғылықты жерінде байланыс сигналын сапалы қабылдап, тиісті деңгейде жұмыс істеген болса, тауарды қайтару мәселесі туындамас еді. Алайда құрылғының күтілгендей жұмыс істемеуіне байланысты азамат оны қайтарып, тауар үшін төленген ақшалай қаражатты өтеуді сұраған.
Осыған байланысты Департамент мамандары тұтынушының өтінішін қарап, мәселені сотқа дейінгі тәртіппен шешу мақсатында сатушымен байланыс орнатты. Департамент қызметкерлері сатушыға тауардың тұтынушы тарапынан пайдаланылмағанын түсіндіріп, қалыптасқан жағдайды тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін ескере отырып шешуге ықпал етуді сұрады.
Нәтижесінде сатушы тұтынушының жағдайына түсіністікпен қарап, модемді кері қабылдап, тауар үшін төленген ақшалай қаражатты толық көлемде қайтарып берді. Осылайша, тараптар арасындағы дау сотқа дейінгі тәртіппен, өзара түсіністік негізінде оң шешімін тапты.
Бұл жағдай тұтынушы құқықтары бұзылған кезде уәкілетті органға дер кезінде жүгінудің маңыздылығын көрсетеді.
Департамент азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы даулы мәселелерді заң аясында шешуге ықпал етуді жалғастырады.
Тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда азаматтарға уәкілетті органдарға дер кезінде жүгінуге кеңес беріледі.
