Ризашылық пен алғыс

Алғыс айту күні – Қазақстан халқын біріктіруге бағытталған, еліміздің тарихына құрмет көрсетіп, барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын мереке. Азаматтардың бір-біріне құрмет білдіретін күні. Көктемнің алғашқы мерекесі болып табылатын атаулы күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен ыстық ықыласының жарқын символы.

Бұл мерекені қара шаңырақ № 1 жалпы білім беретін қазақ мектебі де жылда жоғары деңгейде атап өтеді. Өткен аптада айтулы мерекеге орай мектеп кітапханасында «Ризашылық пен алғыс» атты мерекелік кеш өтті. Кештің шымылдығын мектеп мұғалімі Қарлығаш Қалмағамбетова «Алғыс» атты өлеңімен ашып берді. Одан әрі 10 сынып және 8 сынып оқушылары өз өнерлерін паш етті. Кеш қонақтары қаламыздың білім бөлімінің әдіскері Мадина Рахимова, №1 ЖББМ директоры Жұмакүл Ахметова және тәрбие ісінің меңгерушісі Роза Сауғанбаева қатысты. Кеш соңында Мадина ханым мен мектеп директоры Жұмакүл Ахметова сөз сөйлеп, оқушылар мен мұғалімдерді айтулы мерекемен құттықтады.
Алғыс — адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ, оның ойы мен іс-әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беру.
«Өмірге риза болып, алғыс айт» деп халық даналығында айтылғандай адам өзінің өмірге келгеніне қуанып, риза болады. Қолындағы барын қанағат тұтып, осының да бар болғанына рахмет деп алғысын білдіреді. Алғыс пен ризашылық білдіру өзіңді, өмірді, өмірде барды бағалаудан басталады. Ендеше, бір-бірімізді бағалап, қадірімізді біліп, ризашылығымызды білдіріп, алғыс айта жүрейік.

Мөлдір ОРАЗАЛИНА,
№1 ЖББМ кітапханашысы.