Бүлдіршіндер топ жарды

Елордада өткен «Жұлдызға қадам» Халықаралық көпжанрлы конкурсында Қаражал қалалық мәдени-сауық орталығының «Айвива» би тобының бүлдіршіндері Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 66 өнер ұжымының арасынан суырылып алға шығып, жүлделі II орынды қанжығаларына бөктеріп оралды.

Хореограф Ива Мақсатқызының жетекшілігімен қойылған «Маленькие цветочки» биі көпшіліктің көңілінен шығып, қошеметке ие болды. Сахна төрінде мың бұралған бишілер осынау ғажайып өнердің кереметін әдемі әрі әсерлі қимылдары арқылы паш етіп, ерекше реңдегі образдары өзінің тартымдылығымен, көркем бейнесімен көрерменді тәнті етті. Балдырғандар арнайы диплом және кубоктармен марапатталды.

Бұл – 4 жастан 8 жасқа дейінгі бүлдіршін қыздардан құрылған бишілер тобының үлкен сахнада алғаш рет өнер көрсетуі. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» демекші, ел мерейін үстем еткен балғындардың ата-аналары Ива Мақсатқызына дән риза.

Құлдыраңдаған құлыншақтардың өнер өлкесіне жасаған алғашқы қадамдары айтарлықтай нәтижелі болды. Демек, олардың бұдан да биік асуларды бағындырары күмәнсіз.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ