Алғыс айту – асыл қасиет

Қаhарлы қыс бітіп, жайма-шуақ мезгіл көктемнің алғашқы күні – «Алғыс айту» мерекесі мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіледі. Бұл мереке тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымының символына айналды. Бұл күні адамдар бір-біріне ризашылығын білдіріп, қуаныш, шаттық сыйлайды, өз жетістіктерімен бөліседі, бір-біріне алғысын айтады.

Алғыс айту күнін мерекелеудің мақсаты – мейірімділік, достық, ризашылық, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі сияқты адами құндылықтарды қоғамда ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін дамыту және нығайту.
Аталмыш мереке біздің өңірде де жоғары деңгейде тойланады. Дәл осы күні қаламыздың мәдени-сауық орталығының төрінде Алғыс айту мерекесіне орай қала тұрғындары мен қала қонақтарына арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сондай-ақ, фойеде арнайы кеш қонақтарына әр ұлттың, яғни, кәріс, орыс, қазақ, өзбек, шешен ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары ұсынылды. Осыған атсалысып, демеушілік білдіріп, өздерінің ұлттық тағамдарын ұсынған әр ұлт өкілдеріне алғысымыз шексіз. Биыл Алғыс айту күнінің символы ретінде «Тұмар», мерекенің символдық дәмі ретінде «Құрт» тағамы болып белгіленгендіктен, сахна төрінен қазақ арулары шығып, көрермендерге құрт таратты.
Айта кетсек, бұл күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бүгінде 18 миллионнан астам халық, оның ішінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір отбасындай өмір сүріп жатыр. Біздің қазыналы қала көпұлтты екені де айдан анық. Осыған орай, қаламыздағы басқа ұлт өкілдері, яғни, іс-шараның қонақтары, Вайнах халқының өкілі Тамара Героева, орыс ұлтының өкілі, қала тұрғыны Екатерина Андреева, өзбек ұлтының өкілі Гульнора Муминова ақжарма тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Расымен кеңпейілді қазақ халқының дархан даласы жайлаған барша ұлт өкілдері қазақ жерін «Отаным» дейді. Мұндай мақтаныш сезімімен айтылған сөз жанымызды жадыратады.
Бүгінгі күні өңірде берекелі бірлік пен ынтымақты тірліктің қалыптасуына, қоғамдық келісімнің нығаюына жұмыс жасалуда. Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша осы мереке қарсаңында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі аймағымыздың тұрғындарының құттықтауларын көрермендер лэд-экран арқылы тамашалады. Соңында қаламыздың жезтаңдай әншілері мен мың бұралған бишілері тамаша өнер көрсетіп, концерттік бағдарламаға ұласты.
Сонымен, ұйымдастырушылар, яғни, Жастар ресурстық орталығы мен Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығының қызметкерлері тамаша мереке – Алғыс айту күнін жоғары деңгейде өткізді. Барлық қатысушылар бір-біріне ризашылығын білдіріп, ықылас пен мейірімділік сыйлады. Біз де туған елімізге, халық жанашырларына халқымыздың игілігі мен жан-жақты дамуы үшін жасап жатқан істеріне ризашылық білдіріп, зор алғысымызды айтамыз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ