Қуанса, бала қуансын

«Балаларды қорғау күні» деп белгіленген елеулі күнді барлық балалар асыға күтеді. Бұл балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты жəне жыл сайын күтетін басты мерекелерінің бірі. Жаздың жаймашуақ алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекенің тарихы əріде. Əлем назарын бүлдіршіндердің құқығын, өмірі мен денсаулығын қорғауға аудару мақсатын көздейтін халықаралық мерекенің маңызы зор. Сондықтан да, бұл мерекені тойлаудан еш бала шет қалмауы тиіс.

Балаларды қуантқаннан артық не бар, бұл өмірде? Олардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, алаңсыз бақытты балалық шағын тамашалағаннан артық ғажап нəрсе болмас. Баланы қуанту – əлемге шуақ шашумен тең. Өйткені, балақайлар – болашағымыздың баянды жолы, өміріміздің мəні, көңіліміздің сəні. Балаға жасалған бар жақсылық болашақ жолындағы ұлы іспен тең.

Алайда, бойына біткен сырқатпен күресіп, балалық балғын шақтың бал дəмін тата алмай келе жатқан балалар да бар арамызда. Қаражал қалалық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімі берген ақпаратқа қарасақ, қазыналы өңірде деректерге сүйенсек, 66 мүмкіндігі шектеулі бала бар екен. Оның 30-ы Қаражал қаласында тұрады. Мұның ішінде 4 бала үйден оқытылып, тəрбиеленеді екен. Оған арнайы үйде қызмет көрсету маманы тартылған. Оның сыртында мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен материалдық көмектер де оларға дер уақытында жеткізіліп берілуде.

– Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. «Əңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,- деген еді Мемлекет басшысы. Осы бағытта біздің бөлім мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті материалдық көмек тізімін жасап, оны сол балаларға жеткізіп беріп отырмыз. Мұның сыртында мемлекеттік мерекелер кезінде де оларды қуанышқа кенелтіп, түрлі тəттілер мен сыйлықтар да берілді. Алдағы Елорда күні мерекесінде осы мүмкіндігі шектеулі балалардың əрқайсына 5 мың теңгеден бір мезеттік жəрдемақы да беріледі, – дейді аталмыш мекеменің бас маманы Оксана Калашникова.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде де аталмыш санаттағы балалар түрлі іс-шаралар мен сый-сияпаттардан құр қалмақ емес. Осы мақсатта қалалық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары өңірдегі қалталы, жомарт жандарға хат жазып, балаларды мерекеде қуантуға үлес қосуға шақырды.

Бала – баршамыздың бақытымыз. Болашағымыз. Ендеше, балаларды қуанышқа кенелтуге қолдан келгенімізше көмектесейік! Қуанса, бала қуансын, ағайын!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ