Жәйремде өрт сөндіру бөлімі ашылды

Елімізде, оның ішінде Ұлытау облысында төтенше жағдайлар саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелдерінің бірі – Жәйрем кентінде жаңа көпфункционалды өрт сөндіру бөлімінің салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілуі. Бұл нысан өңірдің қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтуға, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды әрі нақты қадам болып отыр.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің Ұлытау облысына жасаған жұмыс сапары аясында іске қосылды. Салтанатты рәсімге министрмен қатар Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов, Төтенше жағдайлар департаментінің басшылық құрамы, жеке құрам қызметкерлері, азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Мемлекеттік тәртіпке сай ұйымдастырылған шара барысында жеке құрам сап түзеп, Мемлекеттік Әнұран орындалып, ел Туына құрмет көрсетілді. Бұл көрініс ел қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтардың қызметіне тән тәртіп пен жауапкершілікті тағы бір айқындай түсті.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі заманауи талаптарға толық сай салынған. Кешен жылдам тұрғызылатын әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін құрылым ретінде жобаланған. Ғимарат заманауи байланыс және диспетчерлік жүйелермен жабдықталған, ал жеке құрам үшін демалыс, киім ауыстыру, оқу және кәсіби дайындық бөлмелері толықтай қарастырылған. Бұл, өз кезегінде, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген министр Шыңғыс Әрінов Жәйрем кентінде жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол құтқарушылардың еңбегіне жоғары баға беріп, мемлекет тарапынан азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Рәсім барысында министр жаңа бөлім қызметкерлеріне заманауи өрт сөндіру техникаларының кілттерін табыстады. Атап айтқанда, АЦ-5-40 «КамАЗ» маркалы өрт сөндіру автокөлігінің кілті азаматтық қорғау старшинасы Жандос Мақаевқа, ал «Toyota Hilux» маркалы қызметтік автокөліктің кілті азаматтық қорғау старшинасы Айбар Ілиясовқа тапсырылды. Бұл техника төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылардың сенімді серігі болып, жедел қызметтің мүмкіндігін едәуір арттырмақ.

Шара барысында жаңа ғимараттың салынуына үлес қосқан азаматтар да назардан тыс қалмады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Құрмет грамотасымен» «ASTANA PREMIUM» ЖШС басшысы Марғұлан Молдашов, осы серіктестіктің басшысының орынбасары Ануарбек Құйқабаев және «SULTAN-GROUP» ЖК учаске басшысы Ерасыл Елубаев марапатталды. Бұл мемлекет пен бизнестің азаматтық қорғау саласындағы табысты әріптестігінің айқын көрінісі ретінде бағаланды.

Сонымен қатар, №9 көпфункционалды өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Альдар Каримгожинге жаңа ғимараттың символикалық кілті табысталып, бөлімнің толық іске қосылғаны ресми түрде жария етілді.

Салтанатты рәсім аясында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтау сөз сөйлеп, өңірде төтенше жағдайлар саласының материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Жезқазған қаласында тікұшаққа арналған ангар іске қосылып, Қаражал мен Жезқазған қалаларында жаңа өрт сөндіру бөлімдері ашылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Аймақ басшысының қатысуымен тағы бір өрт сөндіру автокөлігінің кілті азаматтық қорғау аға сержанты Айбек Хасенге табысталып, бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Шара барысында Жәйрем кенті Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марлан Шамбулов ақ батасын беріп, жаңа нысанның елге адал қызмет етуіне тілектестігін білдірді.

Салтанатты рәсімнің шарықтау шегі ретінде министр мен облыс әкімі жаңа ғимараттың лентасын қиып, нысанның ресми түрде ашылғанын жариялады. Ұлттық дәстүрге сай шашу шашылып, қонақтарға ақ дастарқаннан дәм ұсынылды.

Іс-шара соңында қонақтар жаңа өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысып, министр тілектер кітабына жазба қалдырды. Жеке құраммен естелік суретке түсіп, бөлім аумағында бес шырша отырғызылды. Бұл игі шара ел қауіпсіздігі жолындағы еңбектің тамыры терең болсын деген ниеттің символына айналды.

Жәйрем кентінде ашылған №9 көпфункционалды өрт сөндіру бөлімі – мемлекет қамқорлығы мен азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Жаңа нысан өңір халқының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді тірек болары сөзсіз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА