Қыс жақындаған сайын елдің ойы қайтадан жылуға ауады. Әсіресе, коммуналдық инфрақұрылымның жайкүйі қысқы маусымның қаншалықты қалыпты өтетінін айқындайтын Қаражал сияқты өңірлерде бұл мәселенің маңызы ерекше.
Қала мен Жәйрем кенті үшін 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жаз бойы жүргізілді. 3 қыркүйектегі мәлімет бойынша өңірдегі нысандардың қысқы маусымға дайындығының орташа көрсеткіші 94 пайызға жеткен. Бұл – жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталды деген сөз. Дегенмен, жылу маусымы басталғанға дейін қалған алты пайыздың да толық орындалуы аса маңызды.
ЖЫЛУ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ?
Бүгінде өңірдегі тұтынушыларды жылумен жабдықтау жүйесі 28 жылу көзінен тұрады. Оның 24-і – автономды жылыту жүйелері, үшеуі – қазандық және тағы бір жылу көзі автономды жүйе ретінде жұмыс істейді. Қаражал қаласында 18 автономды жылыту жүйесі мен 1 қазандық, ал Жәйрем кентінде 6 автономды жылыту жүйесі және 3 қазандық бар. Яғни, қаланың жылумен қамтылу құрылымы негізінен автономды жүйелерге сүйенеді. Өңірдегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы небәрі 3,2 шақырымды құрайды. Бір қарағанда бұл аса үлкен көрсеткіш емес. Бірақ, қысқы кезеңдегі тұрақты жылумен қамту үшін желінің ұзындығынан гөрі оның техникалық жағдайы, жылу көздерінің сенімділігі және апат болған жағдайда жедел әрекет ету мүмкіндігі маңызды. Қазір орталықтандырылған жылумен 30 көпқабатты тұрғын үй қамтылған. Оның 9-ы Қаражал қаласында болса, 21-і Жәйрем кентінде орналасқан. Тұрғын үйлерден бөлек, жылумен қамтуды қажет ететін әлеуметтік және әкімшілік нысандар да аз емес. Олардың қатарында 11 білім беру ұйымы, 2 денсаулық сақтау нысаны, 2 мәдениет мекемесі, 1 спорт нысаны және 3 әкімшілік ғимарат бар.
Демек, жылу маусымының тұрақты өтуі тек тұрғындардың тұрмыстық жайлылығына емес, балалардың білім алуына, медициналық мекемелердің жұмысына, мәдениет пен спорт нысандарының қалыпты қызметіне де тікелей әсер етеді.
94 ПАЙЫЗ – ЖАҚСЫ КӨРСЕТКІШ, БІРАҚ…
Сөзіміздің басында айтып өткенімдей, 3 қыркүйектегі жағдай бойынша нысандардың орташа дайындық деңгейі – 94 пайыз. Бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ, жұмыстар әлі толық біткен жоқ. Сондықтан, арқаны кеңге салу әлі ерте. Әрине, негізгі жұмыстардың аяқталуы көңілге сенім ұялатады. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, электр желілері мен кәріз жүйелеріндегі жоспарланған жұмыстар 100 пайыз орындалған. Бұл – қыс алдындағы дайындықтың ең маңызды бөліктерінің бірі. Себебі, жылу жүйесі бір ғана қазандыққа немесе жылу құбырына тәуелді емес. Электр қуатының тұрақтылығы, су жүйесінің жұмыс істеуі, кәріздің қалыпты қызметі – бәрі бір-бірімен байланысты. Алайда, дайындық толық аяқталды деуге әлі ерте. Қазіргі таңда Жәйрем кентіндегі № 30 мектеп пен аурухананың қазандықтарын дайындау жұмыстары аяқталу сатысында. Бұл екі нысанның әлеуметтік маңызы ерекше. Мектепте балалар білім алады, ал аурухана үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан, аталған нысандардың дайындығын соңғы күнге қалдырмай, техникалық тексеру мен сынақ жұмыстарын толық аяқтау маңызды. Қалған нысандардың дайындық жұмыстары аяқталып, жылу беруге әзір екені хабарланып отыр.
ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ КӨМІРДЕН БАСТАЛАДЫ
Жылу маусымының ең басты мәселелерінің бірі – отын қоры. Бұл бағытта да дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Есепті күнге қазандықтардың барлық баланс ұстаушылары қажетті көлемдегі көмірді сатып алуға конкурс өткізген. Қазір көмірді қоймаларға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, өңірдегі қысқы маусымға қажетті көмір көлемі аз емес. Көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту үшін 10 500 тонна көмір қажет. Оның 5 500 тоннасы Қаражал қаласына, 5 000 тоннасы Жәйрем кентіне тиесілі. Әлеуметтік-мәдени нысандар үшін тағы 7 594 тонна көмір қарастырылған. Оның ішінде: білім беру ұйымдарына – 4 953 тонна, денсаулық сақтау нысандарына – 1 279 тонна, мәдениет мекемелеріне – 462 тонна, спорт нысандарына – 900 тонна. Ал әкімшілік ғимараттарға 820 тонна көмір қажет. Оның ішінде полиция бөліміне – 250 тонна, Сары Тоқа көшесіндегі әкімшілік ғимаратқа – 400 тонна, әкімдікке – 170 тонна қарастырылған. Осылайша, аталған нысандардың барлығына қажетті көмір көлемі 18 914 тоннаны құрайды. Бұл жерде бір нәрсені ескеру қажет: көмірдің сатып алынуы мен оның нысандарға нақты жеткізіліп, белгіленген қордың қоймаларда толық қалыптасуы – екі бөлек мәселе. Сондықтан, қыс басталғанға дейін отынның нақты көлемін жинақтап қою – дайындықтың ең маңызды көрсеткіштерінің бірі.
ҚАУІПСІЗДІК – ҚЫСҚЫ МАУСЫМНЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ
Жылу маусымына дайындықты тек қазандықтарды жөндеу немесе көмір жеткізумен шектеуге болмайды. Қыс кезінде ауа райының күрт суытуы, электр энергиясының үзілуі, құбырдағы ақау немесе қазандықтағы техникалық ақау сияқты күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан, дайындықтың тағы бір маңызды өлшемі – төтенше жағдайда жедел әрекет ету мүмкіндігі. Бұл тұрғыда жауапты қызметтердің тәулік бойы жұмыс істеуі, апаттық бригадалардың әзірлігі, қажетті қосалқы материалдар мен техниканың болуы аса маңызды. Биылғы дайындық барысында коммуналдық жүйелердегі жоспарланған жұмыстардың толық орындалуы – оң көрсеткіш. Ендігі міндет – осы дайындықты нақты сынақтан өткізу және жылу маусымы басталғанға дейін барлық әлсіз тұстарды анықтап алу. Бұл орайда дайындық паспорты басты рөл атқарады. Қазіргі таңда нысандардың қысқы кезеңге дайындығын растайтын паспорттарды алу үшін қажетті құжаттарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Дайындық паспорты қағаз жүзіндегі есеп үшін ғана емес, нысанның қысқы маусымға техникалық тұрғыдан қаншалықты әзір екенін бағалаудың маңызды тетігі болуы тиіс. Өйткені, 94 пайыз деген ортақ көрсеткіштің артында әр нысанның жеке мәселесі тұр. Бір жерде қазандық дайын болса, екінші жерде отын жеткізу мәселесі шешілуі мүмкін. Сондықтан, соңғы кезеңдегі бақылау нысан бойынша жүргізілгені жөн. Қысқасы, дайындықтың 94 пайызға жетуі – жұмыстың аяқталғанын емес, шешуші кезеңге жақындағанын білдіреді.
ТҰРҒЫН ҮШІН БАСТЫ КӨРСЕТКІШ – ҮЙДЕГІ ЖЫЛУ
Коммуналдық саладағы кез келген есептің соңғы бағасын тұрғын береді. Өйткені, жұртшылық үшін қазандықтың қанша пайыз дайын болғанынан гөрі, қазандық жағылған күні батареядан жылу келгені маңызды. Сондықтан, алдағы күндері назар аударатын негізгі мәселелер – Жәйремдегі № 30 мектеп пен аурухана қазандықтарының дайындығын толық аяқтау, көмірді қоймаларға белгіленген көлемде жеткізу, жылу көздерін қайта тексеру және апаттық жағдайларға дайындықты пысықтау. Қысқы маусым – коммуналдық қызметтердің жыл сайынғы емтиханы. Бұл емтиханның нәтижесі ауа райы суығанда ғана белгілі болады. Қаражал мен Жәйремнің бүгінгі көрсеткіші жаман емес. Негізгі инженерлік желілердегі жоспарланған жұмыстар аяқталған, нысандардың басым бөлігі дайын, отын мәселесі бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Ендігі міндет – қалған алты пайызды сапалы аяқтап, дайындықты қағаз жүзіндегі көрсеткіштен нақты техникалық әзірлікке жеткізу. Қыс қыр астында. Ал жылудың үзілмеуі – бүгінгі дайындықтың сапасына байланысты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
