ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕ ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛУДА

Өткен аптада Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаевтың төрағалығымен штаб отырысы өтті. Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен отырысқа қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт, мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында күн тәртібіндегі түйткілді мәселелер қарастырылды. Ең алдымен аймақтың санитарлық ахуалы жайлы Қаражал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауытбаев қысқаша баяндама жасап өтті. Алайда, осыған байланысты бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтсақ, қаладағы әр тұрғын үйдің жанына немесе келісім арқылы белгіленген жерге қойылатын қоқыс контейнерлері бірнеше аптадан бері шығарылмаған. Бұл мәселені қала басшысы тиісті бөлім басшыларына қолға алуды тапсырды.

Келесі кезекте, жауыр болған қаламыздағы бірден-бір мәселе коммуналдық төлемдер бойынша Қаражал қаласы әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығы КМК маманы Елена Рахимова өз баяндамасында тәптіштеп түсіндірді. Оның айтуы бойынша, жаңадан берілген және басқа да көпқабатты тұрғын үйлердің коммуналдық төлем бойынша борышкерлер саны әлі де жетерлік. Арасында қарыз қайтаруға құлқы жоқтарды да жасырмады. Тіпті жиын барысында баяндамашы атын атап, түсін түстеген борышкерлер де болды. Бұл мәселені де қала басшысы тереңірек қарастыратынын жеткізді. Қарызын қайтарғысы жоқтарға тиісті шаралар да қолданылатынын өңір басшысы басып айтты. Бірнеше тиісті мекеме басшыларына да тапсырма берілді.

Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша коммуналдық қызметтер туралы борышкерлерге қатысты талап-арыз жайлы Қаражал қаласы әкімдігінің қалалық коммуналдық шаруашылығы КМК заңгері Айткүл Әли өз баяндамасында 104 борышкерге ескерту қағазы берілгенін, бүгінгі күні оның 69-ы бірден ескертуді қабылдап, қарызын өтегені жайлы айта кетті.

Ең соңғы күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт қаламызда өтіп жатқан «Қызғалдақ көктем-2023» фестивалі жайында баяндама жасады. Осыған дейін 3 кезеңі өткен бұл фестивальде алға шыққан мекемелерді, яғни, «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігі, «Балбөбек» бөбекжайы және Тау-кен техникалық колледжін баяндама барысында айта кеткенді жөн көрді. Әлбетте, барлық мекеменің дайындығы жоғары деңгейде. Бәсекелестік жөнінде тіпті сөз жоқ екендігін А.Құрмансейіт айта кетті. Ендігі кезекте жүлде қоры жайлы сөз қозғалды. Әлбетте, өткен жылға қарағанда жүлде қоры көбейетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, биыл жүлделі орындардан бөлек міндетті түрде бірнеше номинациялар да қарастырылған. Жалпы, аймағымыздың бұл тарихи дәстүрлі фестивалі болғандықтан, республика көлемінде танылу керектігін, яғни, «Қызғалдақ көктем-2023» фестивалінің соңғы турында жеңімпаздарды анықтаған сәтін республикалық телеарналарда жариялайтынын өңір басшысы айтып өтті.

Штаб отырысын қала әкімі қорытындылай келе, тумасынан өнерге жақын болып, қазыналы қаламыздың мәдениеті мен өнер саласының дамуына елеулі үлес қосқан Балалар Өнер мектебінің басшысы Әбдірәсіл Рақым ағамызды туған күнімен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеп, өнерлі шәкірттері әлі талай асуларды асып, қала атын әлемге танытатынына сенімді екенін жеткізді.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ