Түйінді мәселелер және даму жолдары

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізовтің Ақтай шағын ауданының тұрғындарымен өткізген кездесуі өңірдегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бетін ашты. Мұндай кездесулер – жергілікті билік пен халық арасындағы кері байланысты нығайтып, елдімекендердің тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Жиын барысында инфрақұрылымдық жетістіктермен қатар, елдімекеннің болашағына қатысты түбегейлі шешімдерді талап ететін күрделі мәселелер ортаға салынды. Солардың ішіндегі ең бастысы – Ақтай шағын ауданына ресми түрде ауыл мәртебесін беру бастамасы болды. Жуырда көпшіліктің талқысына түскен Ақтай шағын ауданының мәртебесін өзгерту туралы бастама қоғамда түрлі пікір туындатып, өңірдің қариялары мен ақсақалдар алқасы бұл ұсынысты бірауыздан қолдамайтындарын жеткізді. Олар мәртебе өзгерген кезде өңірдің қалалық инфрақұрылымнан, әлеуметтік стандарттардан және өзге де мүмкіндіктерден қағылып қалуы мүмкін деп алаңдайды.

– Мәртебені өзгерту – оңай шаруа емес. Кез келген шешім қабылданар алдында елдімекеннің болашағы мен тыныс-тіршілігін жан-жақты таразылап, әрбір қадамды салмақпен жасау маңызды, – деп атап өтті ақсақалдар.

Халық қариялары мен тұрғындардың бұл алаңдаушылығын қала басшысы Айқын Қылышұлы мұқият тыңдады. Әкім бұл мәселенің әр қырын заң аясында, халықтың мүддесін қатаң ескере отырып, жан-жақты зерттейтініне кепілдік берді.

Мәртебе мәселесімен қатар, кездесуде Ақтай шағын ауданындағы күнделікті тіршілікті жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жұмыстардың қарқыны сөз болды. Соңғы кезеңде атқарылып жатқан жұмыстардың маңызды бағыттары: тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы түйінді мәселелер өз шешімін тауып, ауызсу жүйелері реттелді. Бұдан бөлек, шағын аудан көшелерін жарықтандыру ісі қарқынды жүргізіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы айтарлықтай артуда. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік әлеуетін көтеруге бағытталған инфрақұрылымдық және басқа да абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен іске асырылу үстінде.

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізовтің Ақтай шағын ауданы тұрғындарымен кездесуі билік пен халық арасындағы өзара түсіністіктің маңызды үлгісін көрсетті.

Тұрғындардың пікірі әр алуан болғанымен, ортақ мақсат – елдімекеннің гүлденуі мен халықтың әл-ауқатын арттыру.

Алдағы атқарылар ауқымды жұмыстар мен жүйелі бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, әрбір тұрғынның сапалы өмір сүруіне берік негіз қаламақ.

Себебі, билік пен халықтың бірлескен үндесуі, ортақ мүдде жолындағы өзара түсіністік – кез келген өңірдің гүлденуі мен жарқын болашағының басты кепілі.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ