Сессияда жасөспірімдер мәселесі талқыланды

Қаражал қалалық әкімдігінің мәжіліс залында Қаражал қалалық мәслихатының кезекті XVI сессиясы өтіп, келесі мәселелер қаралды:
Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, есепке алудың барлық түрлерінде тұратын кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған спорттық, ағартушылық және мәдени іс-шараларды өткізу туралы.

Қалалық атқарушы органдардың халықтың діни сауаттылығын
арттыру бойынша жұмысы туралы есебі.
Қаражал-Жәйрем өңірінің денсаулық сақтау саласының жағдайы
және оны болашақта дамыту туралы. Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметтер көрсетуі кезінде заңдылықты сақтауы туралы.
Бірінші кезекте Қаражал қаласы полиция бөлімінің бастығы А.Жақаевтың, «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы Г.Исинаның «Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, есепке алудың барлық түрлерінде тұратын кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған спорттық, ағартушылық және мәдени іс-шараларды өткізу туралы» баяндамалары тыңдалып, талқыланды.
Қаражал қаласының полиция бөлімімен кәмелетке толмағандарға қатысты және олардың арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында, сондай-ақ әкімшілік заңнаманы қолдану тәжірибесі бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғаны, былтырғы жылы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ағымдағы жылдың екі айының қорытындысы бойынша аймақта кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың саны төмендегені, алайда, кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың саны өскені алаңдатушылық туғызып отырғаны баяндалды.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтар мен қылмысты болдырмау мақсатында, Қаражал қаласы ПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметі, тергеу бөлімі және криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге елді мекендерде локальдық және профилактикалық іс-шаралар, жалпы оқу орындарында лекциялар оқу, ескертпе парақшаларын тарату, қылмыс жасаудың салдары мен жауапкершілігі бойынша әңгімелер жүргізіліп тұратыны, одан бөлек бөліммен жасөспірімдерді әртүрлі үйірмелерге жолдау жұмыстары жүргізілгені жеткізілді.
Қаражал қаласының мәдени ошақтарында жасөспірімдердің бос уақыттарын ұйымдастыруға бағытталған әртүрлі іс-шаралар жүргізіліп отырғаны, балалардың бос уақытын ұйымдастыруда білім бөліміне қарасты қалалық өнер мектебі үлкен үлес қосып келе жатқанын, қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізетін іс-шараларына да мектеп және колледж оқушылары қатыстырылып, әр мереке және есте қалар күндер аясында аймақ бойынша көптеген танымдық, мәдени, партиоттық үлгідегі іс-шаралар, балалардың жазғы демалыс айларының әр жұмасында кешкі флешмоб, караоке сынды ойын-сауық бағдарламалары өткізіліп отырғаны айтыла келіп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстық әрекетке барудың алдын алу үшін оларды осындай түрлі мәдени және спорттық іс-шараларға барынша тарту қажеттігі жеткізілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Қаражал қаласының ауруханасы» КМК директорының м.а. А.Кабуловтың және «Жәйрем кентінің ауруханасы» КМҚК директоры Д.Смагуловтың «Қаражал-Жәйрем өңірінің денсаулық сақтау саласының жағдайы және оны болашақта дамыту туралы. Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттік қызметтер көрсетуі кезінде заңдылықты сақтауы туралы» баяндамасы тыңдалды.
Жалпы алғанда есеп қорытындылары бойынша Қаражал-Жәйрем аймағында эпидемиологиялық жағдайы қанағаттанарлық деп есептеледі.
Аймақтағы екі емдеу мекемесінің берген ақпараты бойынша Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша профилактикалық, емдеу-диагностикалық шаралар өткізіліп тұратыны, тегін медикаменттермен онкологиялық аурулар, қан диабеті, демікпе, ревматоидті артрит, психикалық аурулар, онкогематологиялық аурулар және т.б. көптеген аурулар қамтылғаны қозғала келіп, екі өңірдің ауруханасының негізгі проблемасы – кадрлардың жетіспеушілігі. Қазіргі кезде дәрігерлік кадрлар тапшылығы Жәйрем кенті бойынша травматолог, педиатр, ультрадыбыстық зерттеу маманы, Қаражал қаласы бойынша – кардиолог, эндокринолог, психиатр, нарколог, невропатолог, отоларинголог құрайтыны баяндалды.
Жәйрем кенті ауруханасының басшысы Дәурен Смағулов кадр тапшылығының алдын алудың бірден бір жолы өз ауылымыздың балаларын медицина саласына қарай бағыттап, ең қажетті деген дәрігер мамандығына бюджет тарапынан оқыту.
Өз кезегінде сөз алған «Қаражал қалалық білім бөлімі» ММ басшысы Тілеш Аштаев білім беру саласындағы және мектептегі барлық маңызды мәселелерді қозғап, өзіне депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Өз кезектерінде сөз алған мешіт имамы жасөспірімдер арасындағы дінге бет бұрушылық, жасөспірімдердің ораза ұстаулары, түнгі мезгілде және сабақ уақытында мешітте жүрулері туралы біраз мәселелерді қозғады.
Бүгінгі тақырыбы жасөспірімдердің тәртібі, құқығы, мәдениеті мен ұстанымдары жайында және жасөспірімдермен атқарылатын жұмыстардың проблемалық тұстары болған сессия мазмұнды және көп жоспарлар талқыланған салмақты отырыс болды.
Сессия соңында Қаражал қаласының құрметті азаматы, құрметті құрылысшы, даңқты өндірісші, Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Марлан Шамбуловты мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова мен Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов мерейлі 65 жасымен құттықтап, ақ тілектерін жеткізді.
Әкімдік ғимаратынан шыққан депутаттар Қаражал қаласының жөндеу жұмыстары жүріп жатқан инфекциялық ауруханасындағы жұмыстарды тексеруге ат басын бұрды. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандағы мердігерлермен жолығып, ескертулер мен ұсыныстарын жеткізді.
Халық үшін атқарылып жатқан әрбір жұмысқа, әрбір мердігерге партиялық бақылау, депутаттық бақылау жасау ол әрқашанда керек.
Мердігерлерге жұмысты талапқа сай атқартып, халықтың алғысын алу ол халық қалаулыларының басты міндеті.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қаласының
мәслихат депутаты.