Өткен аптада өңірімізге Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен келіп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Бірқатар маңызды нысандарды аралап, алда тұрған ауқымды жоспарларды талқылады.
Шенді-шекпенділер келсе шаруамыз шешіліп қалатындай болып тұрады емес пе. Бұл жолы да солай. Басқа емес, Премьер-министрдің өзі келгенде қалай елеңдемей отырарсың. Үкімет басшысы не депті? Нендай жаңалық болады екен? Өңірді өрге сүйрейтіндей жақсылық айтылды ма, деп елеңдеп отыр қалың оқырман. Ендеше, елдің тағатын тауыспай бар білгенімізді шама-шарқымызша баяндап берейік.
«Жошы хан» кешенінде
Бұған дейін де өңірімізге келген ұлықтардың бәрі әуелі Ұлытауға ат басын бұрмай, ондағы ұлы тұлғаларға тәу етпей кеткен емес. Бұл жолы да солай болды. Премьер-министр өзінің өңірге жұмыс сапарын «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінен бастады.
Оған негіз де жоқ емес. Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толды. Осынау айтулы датаға орай елдің әр аймағында танымдық-тағылымдық шаралар, конференциялар мен жиындар өтуде. Оған еліміздің тарихшыларынан бөлек таяу һәм шалғай шетелдерден де оқымысты ғалымдар келіп қатысуда. Осындай іс-шара ілегі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы салынған «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін айналып өтіп жатқан жоқ. Кешен бүгінде тарихшылар мен туристер легі толастамайтын орынға айналған.
Жалпы, Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Президенттің тапсырмасы бойынша салынған нысанның жұмысы жылдан жылға жанданып келеді. Мамандардың айтуынша нысан ашылғалы бері еліміздің өңірлерінен, алыс және жақын шетелдерден 35 мыңнан астам турист келген.
Өңірімізге келген Үкімет басшысы Олжас Бектенов кесене маңында орналасқан тарихи-мәдени кешеннің жай-күйімен танысып, Жошы хан ескерткішін тамашалап, шатырлы қалашық пен туристерге арналған қонақ үйді аралап көрді.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттігі тарихында маңызды орын алатынын атап өтті. Кешеннің маңыздылығын ескере отырып инфрақұрылымды одан әрі дамыту және туристік әлеуетті жақсарту үшін барлық шараларды қабылдау қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов кешен басындағы кездесуде сөйлеген сөзінде.
Әлеуметтік нысандарды аралады
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй мен коммуналдық желілер салу, сондай-ақ, алдағы оқу жылына білім беру нысандарын дайындау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Үкімет басшысы Сәтбаев қаласындағы №1 және №2 жылу стансалары мен Жезқазған жылу-энергетика орталығында болып, маңызды нысандардың жылу беру маусымына әзірлік барысымен, қордаланған мәселелермен жан-жақты танысты.
– Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, сондай-ақ, жалпы өңірдегі жағдайға әсер етеді. «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған ЖЭО бойынша, сондай-ақ, Сәтбаев қаласының №1 және №2 жылу стансалары бойынша барлық міндеттемелерін орындауы тиіс. Бұл жерде әкімдік пен Корпорация арасында үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Барлығы уақытылы жасалуы керек, – деп тапсырды Премьер-министр.
Үкімет басшысы сондай-ақ, Жезқазғанда салынып жатқан жаңа аудан мен инженерлік коммуникациялардың құрылысымен, облысты сумен қамтамасыз ету жағдайы және осы бағыттағы жоспарлармен, сол сияқты, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арналған жатақханаға барып, білім беру инфрақұрылымының дамуымен танысты.
Олжас Бектенов аталған жобаларды іске асырудың басымдығын атап өтті. Су ресурстары және ирригация, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне жұмыстарды уақытылы аяқтау үшін қажетті қаражаттың бөлінуін қамтамасыз ету тапсырылды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен 100% қамтамасыз ету қажет. Бұл – әлеуметтік маңызды міндеттердің бірі, – деп атап өтті Олжас Бектенов өз сөзінде.
«Жезқазған-Қызылорда» жолы –
Үкімет назарында
Жыры таусылмайтын жол мәселесі де жұртты мезі еткені жасырын емес. Оның ішінде «Жезқазған-Қызылорда» жолы. Үкімет басшысы да осы күрежолдың құрылысына әзірлікпен танысты. Аталмыш жолды қалпына келтіру бірқатар өңірдің, оның ішінде Ұлытау облысының дамуына серпін беретіні тілге тиек етілді.
Жауапты тұлғалар Премьер-Министрге бүгінде «Жезқазған-Қызылорда» жобасы (208 км) бойынша 4 мердігер ұйым анықталғаны баяндады. Олармен келісімшартқа қол қойылған. Ұлытау облысы бойынша жұмыс құны 108,6 млрд теңгені құрайды.
Биыл жол құрылысына жер бөлу, құнарлы топырақ қабатын алу, вахталық қалашықтар салу және карьерлерді ресімдеу, сондай-ақ, жол-құрылыс материалдарын дайындау жоспарлануда.
Премьер-Министр «Жезқазған-Қызылорда» автожолының стратегиялық маңызы бар екеніне тоқталды. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға, сол арқылы облыс экономикасының дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді. Көлік министрлігіне жұмыстың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін мәселені ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Сондай-ақ, автожолды реконструкциялау кезінде мердігер ұйымдардың Ұлытау облысында тұратын мамандарды, сондай-ақ, қажетті құзырет пен жоғары беделге ие компанияларды тартуына назар аударылды. Жұмыс барысында отандық құрылыс материалдары пайдаланылуы тиіс.
Үкімет басшысы автожолды реконструкциялау жұмыстарын жүргізуде жол қауіпсіздігін сақтау қажеттігіне ерекше тоқталды.
Орайы келгенде айта кетейік, өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдарда құрылыс жұмыстары қатар жүргізілуде. 2023 жылы облыста жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын 170 шақырымнан астам жол реконструкцияланды және жөнделді. Биыл жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асатын, ұзындығы 196 шақырым жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады.