Мемлекеттік қызмет – оның жүрек қалауы

Мына сәйкестікті қараңызшы. 2013 жылы 23 маусым Президент Жарлығымен «Мемлекеттік қызметшілер күні» болып бекітілді. Ал, мереке 2014 жылдан бастап ел көлемінде кеңінен аталып өте бастады. Содан бері міне, тұп-тура 10 жыл болған екен. Осы мерейлі мерекенің мерейтойы қарсаңында біз Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов жайлы сөз еткенді жөн көрдік.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Біздің кейіпкеріміз Досбол Бүркітұлы осы үрдістен көрініп жүрген азамат. Ал, оның бұл деңгейге жетуі мемлекеттік қызметті шын жүрегімен қалағандығында.
Сөзіміз жалаң болмас үшін кейіпкермен болған әңгімеден үзінді келтіре кетсем.
– Мемлекеттік қызметші болу – менің бала жастан бергі арманым еді. Негізінен ел қорғаны болатын қарулы күштер саласында қызмет етуді қалаған едім. Алайда адам арманына бірден жете қоймайтыны бар ғой.
Десем де, мен екі жыл қарулы күштер саласында қызмет ете алдым. Әуелі Қарағанды қаласындағы 31775 әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет еттім. Одан кейін бір жыл Қазақстан Республикасы ІІМ Қаражал қаласы ішкі әскер бөлімінде қызметте болдым. Осылайша өзімнің бала жастан бергі арманымның бір парасын орындадым десем болады. Одан әрі қызмет етуге денсаулығым жарамады. Сөйтіп, Қарағанды қаласындағы «Болашақ» жеке меншік оқу орнына құқықтанушы мамандығы бойынша оқуға түстім. Оқуды бітіргеннен кейін де мемлекеттік қызметке келуді өзіме мақсат етіп қойдым. Бір жыл Қаражал қалалық ішкі саясат бөлімінде әдіскер, бір жыл Қаражал қаласы әкімі аппаратында нұсқаушы болып қызмет еттім. Бұл екі қызметім де азаматтық санаттағы қызмет еді. Әйтсе де, мен өзімнің білімім мен тәжірибемді осылай шыңдадым. Тек 2013 жылдың соңын ала Қаражал қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы болып көтерілдім. Менің мемлекеттік қызметтегі жолым осы сәттен басталды. Сол жылдың желтоқсан айында салтанатты түрде Ант қабылдадым. Дәл осы жылдары саясатқа араласып, өмір мектебінің шыңдалу жолдарым басталды деп шегелеп айтар едім, – дейді Досбол Бүркітұлы бізбен әңгімесінде.
Міне, осындай «үлкен мектепте» азды-көпті тәжірибе жинақтаған Досбол Құлымбетов өзінің көп жылғы арманына жетуге қол созды. Мемлекеттік қызметшілікке өту сынағын жоғары ұпаймен тапсырып, өзін қызмет бабында да жақсы қырынан көрсете алды.
Уақыт өте келе, Қаражал қалалық әкімдігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі, бөлім басшысы, Қаражал қаласы әкім аппаратының басшысы лауазымдарында қызмет етіп, өзінің біліктілігін, іскерлігін көрсете алды. Жас жігіттің өзіне тапсырылған қандай да болмасын міндетті абыроймен, мүлтіксіз һәм сапалы атқара алатынын пайымдаған қала әкімі оны өзіне орынбасарлыққа алды. Сөйтіп, 2022 жылдың шілдесінде Досбол Құлымбетов Қаражал қаласы әкімінің экономика, қаржы, қала құрылысы, архитектура, ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылық салалары бойынша орынбасары болып тағайындалды. Осылайша жалпы 14 жылдан астам еңбек өтілінің 13 жылын мемлекеттік қызмет саласында өткеріп келеді.
– «Патриот – Отанға қызмет етуші адам, ал Отан дегеніміз, ең алдымен, халық». Бұл кемелді пікірді даңқты бабамыз, ел қорғаны Бауыржан Момышұлы айтқан екен. Шынымен де, Отанға қызмет ету, оны сүйіп, ардақтау Қазақстан Республикасында туған әр азаматтың ел алдындағы парызы мен азаматтығының белгісі. Өз туған жерім – Қаражал қаласы әкімінің орынбасары лауызымына келісім бергенімнің негізгі себептерінің бірі – өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосу болып табылады, – дейді Досбол Бүркітұлы ағынан жарылып.
Әңгіме барысында аңғарғанымыз, кейіпкеріміз осы жылдар аралығында бала жастан армандаған арманына қол жеткізгеніне қуанышты. Бұл қызметтің қыр-сырына да біркісідей қанығып алыпты.
– Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу абзал екенін түсіндім. Елдің сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс екенін бойыма сіңіре білдім, – дейді ол.
Мемлекеттік қызметте өз ісін жетік меңгерген кәсіби білікті, адал да талантты және құқықбұзушылықтарға төзбейтін азаматтар ғана қызмет етуі тиіс деп есептейді Досбол Құлымбетов.
Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынуда. Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттік қызметшілердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Бұл да Досболдың пайымы.
– Ең алдымен, ұлттық құндылықтарымызды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды.Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек, – дейді кейіпкеріміз тағы да.
Мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы, қызметтен тыс уақыттағы жүріс-тұрысы қоғамның мемлекеттік органдарға деген сеніміне әсер етеді, мемлекеттік қызметшінің қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмау және оның әрекеттері, қылықтары және жүрісі мемлекеттік қызметші деген атаққа кір келтірмеуі керек, сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші қашанда жоғары моральдық әдеп нормаларын сақтаулары тиіс. Барлық мемлекеттік қызметшілер еліміздің одан әрі өркендеуіне аянбай еңбек етіп, күш-жігерін егеменді еліміздің дамуына жұмсап, қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермей, халық игілігі үшін жауапкершілікпен қызмет атқаруы керек. Мұны Досбол Құлымбетов жақсы түсінеді. Өзі де соған сай болуды әркез қатты қадағалап отырады.
– Мен мемлекеттік қызметші болуды таңдаған едім. Оған еш өкінбеймін! – дейді Досбол Құлымбетов әңгімесін түйіндей келіп.