Мейірімге толы Мәуліт

Адамда бар байлықтың ең абзалы – иман байлығы. Алланың берген иманын, дінімізді бізге жеткізген ардақты адам – пайғамбарымыз Мұхаммед (С.А.У.). Алланың қалауымен иманның тәтті дәмін сезіндірген әзіз пайғамбарымызға  (С.А.У.) әр мұсылман адам қарыздар. Осындай ардақты жанның атын естігенде салауат айтып, есімін құрметтеу – әр адамға міндет. Сондықтан пайғамбарымыз (С.А.У.)  туған айды қасиетті айлар қатарына енгізіп, ұлық мереке ретінде қаламыздың мұсылман жұрты тойлады.

Дәлірек айтсақ, мейірімге толы мерекеге орай өткен аптада «Алтын Орда» мейрамханасында қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен «Мейірімге толы Мәуліт» атты керемет рухани іс-шара өтті. 300-ден аса халық жиналған кешімізге Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан келген имамдар мен біршама жамағаттар да қонақ болды. Рухани кештің арнайы қонағы, Ұлытау облысының өкіл имамы – Жұмаділдә Елдос  Қуандықұлы керемет уағызымен ашып берді. Сондай-ақ, Жезқазған қаласы медресесінің директоры Мейіржан Ануарбеков, Сәтбаев қалалық Сәдуақас Ошақұлы мешітінің наиб имамы Аббас Шахизадаев, мешіт ұстазы, қари Ахмедия Сағындық және Ақтай елдімекенінің имамы Ержан Жанабеков кештің арнайы қонақтары атанды.

Бұл мерекеден біздің қаламыздың жұртшылығы да қалыс қалмады.                                  Кеш соңында мешітте ұйымдастырылған «Ақида сабақтары» және «Сағынышқа толы салауат» атты сайыстардың жеңімпаздары анықталып,  сыйлықтар табысталды және 1 орынды Райымбек Төлеубай, 2 орынды Қайрат Хамзин, 3 орынды Нұрхат Смағұлов және 4 орынды ауыл ақсақалы Есенбай Сағындықов иеленді. Барлық жеңімпаздар Алғыс хат пен ақшалай сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, мешіт іс-шараларына белсене қатысып жүрген жанашыр жамағаттарымыздың барлығына  алғыс хаттар табысталды. Кеш қонағы Сағындық қари мәуліт оқып, дүниеден өткен барша мұсылмандарға құран бағышталды. Рухани кешке келген қонақтар құран тыңдап, пайғамбарымызды (С.А.У.) еске алып, салауат айтып, көңілдері бірленіп тарасты.

Талғат Советов,

Қаражал қалалық мешітінің бас имамы.