Медиация – дауларды шешудің заманауи әрі тиімді тетігі

Қазіргі қоғамда туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей, өзара келісім арқылы шешудің маңызы артып келеді. Осындай тиімді тәсілдердің бірі – медиация.

Медиация – тараптардың ерікті келісімі негізінде, бейтарап медиатордың көмегімен дауды бейбіт жолмен шешу рәсімі.

Бүгінде медиация әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оның басты артықшылығы – тараптардың уақытын үнемдеп, қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік беруінде.

Сот процесі ұзаққа созылып, екі тарапқа да моральдық және материалдық шығын әкелуі мүмкін. Ал медиация барысында мәселе қысқа мерзімде, өзара түсіністік пен келісім негізінде шешіледі.

Медиация отбасылық, еңбек, азаматтық және кейбір қылмыстық істер бойынша тиімді қолданылады.

Әсіресе, отбасылық дауларда медиацияның рөлі ерекше. Себебі, ол жанжалдың ушығуына жол бермей, балалардың мүддесін қорғауға және туыстық қатынастарды сақтауға ықпал етеді.

Қазақстанда медиация институты заң жүзінде бекітіліп, оның дамуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұл – қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Сот органдары да медиацияны кеңінен насихаттап, азаматтарды дауларды бейбіт жолмен шешуге шақыруда.

Қорытындылай келе, медиация – заман талабына сай, тиімді әрі өркениетті дауды шешу тәсілі. Ол қоғамдағы өзара сыйластықты арттырып, адамдар арасында сенім мен келісімді қалыптастыруға қызмет етеді.

Жадыра САДУОВА,

Қаражал қалалық сотының бас маманы.