Ұлытау облысында жалпы еңбек өтілі 520 жыл болатын металлургтер отбасы тұрады

Жезқазған қаласында жалпы еңбек өтілі 520 жыл болатын металлургтер әулеті тұрады. Өмірлері өндіріспен біте қайнасқан өнегелі шаңырақтың бүгінде үшінші толқын өкілдері ел экономикасына еселі еңбек сіңіріп жүр.

«Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары Әйтеновтар отбасымен танымдық кездесу өтті. Іс-шара отбасы күніне арналды.

Іс-шараға «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Ақжол Құрмансейіт, партия филиалы жанындағы Әйелдер қанатының мүшесі, Жезқазған қалалық аналар кеңесінің төрайымы Раушан Капарова, «Ailin» сауда желісінің жетекшісі, партияның белсенді мүшесі Мақпал Хасенова, сондай-ақ бірнеше буын металлургия саласында еңбек еткен Әйтеновтар әулеті, өңірге сыйлы Жақыповтар және Бұзаубековтар отбасы қатысты.

Мерекелік шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттыру, өнегелі, еңбек жанұяларының тәжірибесін көпшілікке үлгі ету.

Кездесуге қатысушылар отбасы құндылықтары, өмір тарихы, еңбек жолы туралы естеліктермен бөлісті. Жалпы жұмыс өтілі 520 жыл болатын металлургтер әулетінің ең үлкені Мұхамбет Әйтенов. Еңбек жолын 1969 жылы Қарсақбайда бастап, өндірісте 40 жыл тер төккен. Әке-шешесі де Қарсақбайдағы мыс қорыту зауытында, Жезқазғандағы өндірісте жұмыс істеген. Анасы Мәрзия әжей 13 құрсақ көтерген батыр ана. Еңбекшілер отбасының 6 ұлы металлург.

«Ертедегі өндірістегі қиындықтар әлі көз алдымда. Қарсақбайда конверторлар 10 тонналық тұғын, ал мұнда 100 тонналық. 1300 градуста мысты балқытамыз. Мен енді қара мыс алудың шебері болдым. Оның үстіне газ бар, шаң бар, оның бәрі оңай емес адамға», — дейді Мұхамбет ақсақал.

Әуезов атындағы Жезқазған қалалық кітапханасында өткен кездесуде Бұзауовтар мен Жақыповтар жанұясы үлгілі отбасының сырымен бөлісті.

Іс-шара соңында «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Ақжол Құрмансейіт отбасыларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар өнегелі отбасылар арнайы марапаттарға ие болды.

#Әділетпартиясы
#Отбасыкүні
#Мерейліотбасы