Көз алдымда өскен өлке

Қаражал қаласының кешегісі мен бүгініне тоқталып, қиындығы мен қызығына куә болған Смаилов Әбдіманат Смаилұлы 1947 жылы Жаңаарқа ауданы, бүгінгі Ералиев, кезіндегі Карл Маркс ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Қарағаш ауылындағы 4-ақ сыныптық  №1 мектепке барып, кейіннен ата-анасының қызметіне байланысты Қаражал қаласына қарасты Ақтау аулынан әрі қарай орналасқан Дарат елді мекеніне қоныс аударып, ол жақта мектеп болмауына байланысты, ауылдағы 4-5 баланың басын қосып, білім берген әскерден жаңа келген жас жігіт Уәлихан Нұрмұханбетовтен орысша дәріс алған. Араға бір жыл салып, 1960 жылы Қаражал қаласына көшіп келеді. Әкесі Смаил Қосыбаев өз заманында колхоз ұйымдастырушысы,  басқарушысы, ауыл шаруашылығының маманы тәрізді көптеген қызметтер атқаруына байланысты отбасымен Жеңіс совхозында (қазіргі Түгіскен), Қарағаш ауылында (қазіргі Рассвет ауылы), Карл Маркс (қазіргі Ералиев ауылы), Өспен елді мекенінде, Жаңаарқа ауданында, Дарат елді мекенінде, Қаражал кентінде тұрған. Әкесінің осындай қызметіне байланысты Әбдіманат Смаилов та бірнеше елді мекеннің суын жұтып, дәмін татқан.

Уәлихан Нұрмұханбетов өз заманында елге белгілі, өте сауатты жан болған екен. Өмірлік жары Мейіржан Молдабекқызы екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, сол балаларының оқып, білім алуы үшін көшіп-қона бермей, Қаражалды тұрақтап қалған. Өзінің бауырларымен қатар, Әбдіманат Смаилұлы Қаражал қаласындағы №1 мектепте орысша білім алып, аталған мектепті 1966 жылы аяқтайды. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін, сол қазан айында Германия еліне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерден елге 1969 жылы оралып, Қаражал қаласындағы Қарасай кен басқармасына автокөлік жүргізушісі болып жұмысқа тұрады. Араға екі жыл салып, Қаражалдың «Батыс» карьеріне экскаватор машинисінің көмекшісі болып орналасып, сол жерде 1975 жылдың 4 сәуіріне дейін еңбек етіп, Жәйремге қоныс аударады. Жәйремге қоныс аударған кезде ол кісі отбасын құрып, бір баланың әкесі болып үлгерген.

28 жастағы қылшылдған жас жігіт, Жәйрем кентіне келген соң, сол кезде енді-енді өркендеп келе жатқан  «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның «Қиыр Батыс» кенішіне экскаватор машинисі болып орналасады. Жәйрем комбинатында түрлі қызметтерді атқара отырып, 35 жыл өмірін осы тау-кен саласына арнап, 2010 жылы құрметті демалысына шығады. Бүгінгі күні Әбдіманат аға екі ұл, үш қызынан немере, шөбере көріп отырған ардақты әке, қымбатты ата. Жанары Якутияда геолог болып еңбек етсе, Данасы Жәйрем комбинатында, Нұржаны жеке кәсіпкер, Бауыржаны тау-кен саласында, кенжесі Гүлмира «Қазмұнайгаз» АҚ-ның білікті маманы.

– Әбдіманат аға, бар өміріңізді осы Қаражал-Жәйрем өңіріне арнаған екенсіз. Сіздің нағыз жігіт кезіңіз, жалынды жастық шағыңыз өткен Қаражал қаласы бүгінгі күні 60 жасқа толып отыр. Сіз Қаражалда оқып, еңбек еткен жылдары 3-ақ жаста болған бүгінгі мерейтой иесі, яғни, Қаражал қаласы сол кезде қандай болған еді?

– Негізі Қаражалға біз 1960 жылы қоныс аударғанда, ол жер кішкентай ғана кент болатын. Ол кезде Площадка, Ескі Қаражал тәрізді орамдар және маңайында Ши ауылы, Бұлақ ауылы, Үйсінбай ауылы тәрізді кішігірім елді мекендер болатын. Маңында сонымен қатар, кішкентай аэропорт болған. Ақырындап өркендеп келе жатқан Қаражалға, ҚазССР-ның бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың бұйрығымен 1963 жылы қала атауы берілді. Сол кездері Қаражалмен қатар, 20 елді мекен қала атауын иеленді. Ел арасында «Қонаев салған 20 қала» деген сөз де бар. Ол қалалар, шатаспасам Саран, Шахтинск, Абай, Кентау, Теміртау және т.б. қалалар. Қала атауын алғаннан кейін Қаражал ақырындап жаңара бастады. Біз 4 бараққа бөлініп оқитынбыз. «Новый город» құрылысы жүріп, жаңа мектеп салынды. Шатаспасам қазіргі №3 мектеп болуы мүмкін. Көп қабатты үйлер, аурухана, балабақшалар бой көтере бастады. Әр мекеме өз жұмыскерлеріне арнап коттедж үйлер көтерді. Мысалы, «Шоферский городок» деген орам болды. Қаражалда ең бірінші басқарушы (управляющий) болған Кляцкийдың атында парк болды. «Новый городтың» әр жағынан жаңа аэропорт салынды. Қарағандыға, Жезқазғанға кукурузник ұшақтармен ұшып баратынбыз.  Мәдениет үйі, спорт кешені салынды.

– Сол кездері Қаражал қаласында қандай мамандар еңбек етті? Қала атауын алған Қаражалды кім басқарды? Нақты қай басшының кезінде Қаражал жақсы өркендеді?

– Ол кездері Қаражалды басқаруда Тұрысов Қаратай Тұрысұлы, Лепехин Александр Федорович, Бедаш Иван Иванович, Шабалин Владимир Михайлович, Кардашин Виктор Романович, Мурзин Виталий Михайлович тәрізді қызметкерлер болды. Осы азаматтардың ішінде Қаражал қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Тұрысов Қаратай Тұрысұлының кезінде Қаражал қарыштап өсті. Кен басқармасында кәсіподақ төрағасы Қайролла Шүкіжанов, бас механик Әбүйіров  деген жақсы азаматтар еңбек етті.

– Әбдіманат аға, 3 жастағы Қаражал мен қазіргі кездегі Қаражалға тоқталсаңыз және Қаражал мен Жәйремнің байланысы туралы айтсаңыз.

– Қаражал қазір көркейіп, әдемі қалаға айналды. Кезінде қирап қалған көп қабатты үйлер сүріліп тасталып, жаңадан үйлер бой көтеруде. Жолдары жаңарып, көшелері абаттандырылуда. Қала әкімі Тілектес Досаев өте еңбекқор және шаруашылыққа мығым азамат. Сол азамат келгелі бері Қаражал көп жақсарды.

Қаражал-Жәйрем қазір егіз қозыдай ғой. Арасы бірнеше шақырымды алып жатса да, көп шаруалары бірге. Жәйрем қалаға қарайды.

Мен Жәйремге қоныс аударғанда бұл жер тек жайылым болатын. Геологиялық барлау жұмыстары жүріп жататын. Әр жақтан жұмыс істеуге келген жұмыскерлер тұратын вагондар және жатақхана және екі-үш коттедж үйлер, комбинаттың конторасы болатын. Кейін қала салына бастап, «Ли­соковстрой», «Балхашстрой», «Жез­қазғанстрой» тәрізді мекемелер көп қабатты үйлердің құрылысын жүргізе бастады. Ол кезде Жәйрем кенішінің алғашқы басқарушысы Бабанин деген кісі болған. Кейіннен Сейтмағанбетов, Агадилов тәрізді азаматтар ПМК басқарып, 1975 жылы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-на тұңғыш директоры Садық Асатов келіп, Жәйрем тамаша өркендеді.

Сонау 90-жылдарғы тоқырау біздің Қаражал мен Жәйремге де кесірін тигізбей өткен жоқ. Көптеген мамандар басқа жаққа қоныс аударып кетті. Көп қабатты үйлер босап, қирап қалды. Жалақы орнына азық-түлік алған күндеріміз де болды.

Ал қазір, Алла шүкір, қираған түзеліп, жойылған жаңарып, көп дүние қалпына келтірілуде. Бүгінгі күні Қаражал да Жәйрем де күн санап көркейіп, гүлденіп келеді. Қаражал қаласында «Өркен Атасу» кәсіпорыны болса, Жәйрем кентінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ дүрілдеп тұр. Халық жалақыларын тұрақты түрде алып, әлеуметтік жағдай екі өңірде де жақсарып келеді.

– Мерейтой иесі Қаражал қаласына қандай тілек айтар едіңіз?

– Жастық шағымның куәсі болған Қаражалға өркендеу тілеймін. Елі аман, жұрты тыныш болсын! Нағыз жа­на­шыр адал азамат басшысы болып,  мәртебесі өсе берсін!

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА