Астанада ауыл әйелдерінің республикалық форумы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам қыз-келіншектер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және Мәжіліс депутаттарымен қатар аталған жиынға Ұлытау облысынан шыққан өкілдерімен бірлесе Қаражал қалалық мәслихат депутаты, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары, «Өндіріс волонтерлері» тобының жетекшісі ретінде мен де қатысып қайттым.
Жетінші рет ұйымдастырылып отырған форумда елді мекендерде тұратын әйелдердің мәселесі қаралып, олардың кәсіпкерлігі сөз болды. Сондай-ақ, «Coca-Cola Белестері» гранттық байқауының жеңімпаздары марапатталып, ауыл әйелдерінің экономикадағы үлесін арттыру, келіншектерге жағдай жасап, олардың кәсіп бастауына мүмкіндік беру секілді маңызды мәселелер талқыланды.
Қазақстан ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсина: «Бәріміз де ауыз толтырып айтамыз «Ауыл — ел бесігі» деп айтамыз. Ол бесікті кім тербетеді? Әйел ғой енді. Бүгінгі таңда осы біздің оқудан 11 мыңға жуық әйел өтіп, ауылдық жерде жұмыс орнын құрып отыр. Әйел адамдар бүгінгі күні ер адамдардан да артық кәсіптерін дөңгелетіп отырғанын мақтанышпен айта аламыз. Ұйымдастырылып отырған осы форумда өздеріңіздей іскер әйелдердің басы қосылып, тәжірибе алмасса, бірінің жетістігін бірі көрсе, бірінен бірі үйренсе деген ойымыз нәтижелі болсын. Батыр қыздарымызға әрқашан сәттілік тілеймін», — деп өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Нәзік жандарға арналған керемет шарада кәдесый, әшекей бұйымдар мен түрлі тәттілер қойылған көрме болды. Оған «CocaCola Белестері» байқауының қатысушылары өз өнімдерін қойды. Көрмеге өзі жасаған шұжығы мен қазысын ұсынған жетісулық Шахизада Ілиясова «Coca-Cola Белестері» гранттық байқауының жеңімпазы атанып, 3 мың долларға ие болды. Бұдан бөлек тағы 10-нан астам келіншек 2 мен 4 мың доллар аралығында гранттарға ие болды. Олардың арасында ұлытаулық қыздар да бар.
Жалпы алпауыт «Coca-Cola» компаниясы соңғы 10 жылда 5 миллионнан астам әйелді өз ісін табуға ынталандыру жобасын іске асырып келеді. Ауылдық жерде тұратын 100-ден астам қазақстандық әйелге грант табыстаған.
Өте жоғары деңгейде өткен форум соңында белсенді қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталып, мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың Алғыс хатын еншіледім.
Форумнан ілгенім көп болып, тамаша әсермен, алдыма көп мақсат қойып, арманның жетегінде ауылыма оралдым.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихатының депутаты.